Аймақтан қандай хабар бар?

Сайлы бастама, жайлы баспана
Облыста. Дәрігерлер тапшылығын кеміту үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Оған бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл сома пәтер сатып алуға және үйлерді қайта жөндеуге жұмсалады. Мәселен, жалдамалы тұрғын үйге айналдыру үшін облыстағы бес өңірде бір бос ғимараттан қалыпқа келтіріледі. Нәтижесінде, сексен пәтер пәтер пайда болмақ.
 
Жұмыртқа мен қант арзандады
Қостанай.Қазір супермаркеттерде жұмыртқаның он данасы 400 теңгеден сатылып жатыр. Ол – «Жас Қанат 2006» ЖШС өнімі. Тұрақтандыру қорында 5,1 млн дана жұмыртқа бар. Ал қант бағасы осы кезге дейін 440 теңге болған еді. Енді 374-380 теңгеден сатыла бастады. Қорда 945 тонна қант бар.
 
Өрісі тарыла жаздады
Меңдіқара. Боровской кентінің кәсіпкері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгініп, жайылымнан айырылғалы тұрғанына шағымданды. Оған 40 гектар жерді әкімдік 2017 жылы бизнесті қолдау аясында берген. Бірақ екі жыл өткесін тексеріс жүріп, жайылымның заңсыз берілгенін алға тартқан. Осы мәселе егжей-тегжейлі қаралып, нәтижесінде жер фермерге қайтарылатын болды.
 
Қажеті – патриоттық рух
Б.Майлин. Ауданның жүзден астам оқушысы «Шұғыла» атты әскери-патриоттық ойынына қатысты. Іс-шара Асенкритов ауылында өтті. Олар түрлі сайысқа түсіп, қолдарына қару ұстап көрді. Оқу автоматын құрау, «науқасқа» алғашқы медициналық көмек көрсету, сан қилы сұраққа жауап беру міндеттелді.  Ашық аспан астындағы сайыста бәрі де төзім мен жігер танытты. 1-орынды Б.Майлин атындағы орта мектеп оқушылар жеңіп алды.
 
Жаңа автобус жолға шықты
Рудный. Кеншілер қаласында №27 қоғамдық көлік іске қосылды. Тасымалдаушы компания – «Транс Авто Азия» ЖШС. Автобус қала ішіндегі сегіз аялдама бойымен жүретін болады. Бірер күн бұрын сынақ ретінде жолға шығарылғанымен, нақты кестесі мен интервалы енді түзіліп жатыр. Бұған дейін қалада маршруттық автобус жетіспейтіні бірнеше рет мәселе болып көтерілген.
 
Ас-ауқат құны қымбаттай түсті
Қарабалық. Балабақшалардағы тамақтану құны қымбаттады. Бұдан былай ата-аналар 3 жасар баланың айлық ауқаттануына 13 296 теңге жұмсайды. Ал 3 жастан жоғары балдырғандар үшін ай ішінде тамақтану бағасы 16 507 болмақ. Бұны жергілікті билік өкілдері азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланыстырып отыр.
 
Боулинг бәсекесі
Ұзынкөл. Аудандағы спорт ардагерлері мен зейнеткерлер боулингтен жарыс өткізді. Киевский ауылының азаматтары мұны жыл сайын ұйымдастырады. Сайыс өткізудегі ең басты мақсат – әр өңірге шашыраған ауылдастардың басын қосу. Боулинг бәсекесі де қызып, үздіктері сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар ендігі жарысты 22 наурызда өткізуге уәделесіп отыр.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓