Мобилография: жаңаны жатырқамау керек
Технология дамыған сайын түрлі жаңа мамандық пайда болып жатыр. Мысалы, Instagram өмірімізге енгелі бері кәсіби фотоға түсіретін фотограф, жазба жазып беретін копирайтер, оны дұрыс жарнамалайтын таргетолог сынды мамандарға сұраныс артты. Қазіргі таңда үлкен мамандықтардың жіктелу дәуірі жүріп жатыр. Мысалы, журналистикадан копирайтер бөлініп шықса, видеографиядан мобилография сынды салалар шығуда. Цифрлық технологияның пайда болуымен қатар мобилография саласы қарқынды дамуда. Бұл салада қостанайлық жас мобилограф Ернар Сапабектің жұлдызы жарқырап жүр.А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің 3-курс студенті Ернар Сапабек мобилографиямен белсенді айналысып жүр.
«Мобилография саласына қызығушылығым 1-курста оқып жүрген кезде танымал видеомейкер, режиссер Қыран Талапбектің «Мобилография» атты курсынан бастау алды. 2 жыл бойы қосымша хобби ретінде ғана қарастырдым. 2022 жылдың қазан айынан бастап, негізгі мамандығыма айналдыра бастадым. Мобилограф – қоршаған ортаны ерекше көзімен көріп, басқаларға жеткізетін адам. Әрі екі бірдей маманның қосындысы. Яғни, ол оператор және режиссер қызметін атқара алады»,-дейді Ернар.
Мобилограф тек видео түсірумен және оны өңдеумен шектелмейді. Ол видеоға жан бітіреді. Бастапқы идеяны құрастырып, сценарий мәтінің жазып, 1-2 минуттық кино ретінде жасап шығара алады. Мобилограф – креативті, шығармашылыққа жақын адам. Әр саланың артықшылығы мен кемшілігі бар.
« Бұл саланың артықшылығы көп. Кең көлемді жобаларға, кәсіпорындар мен мемлекеттік қызметтерде жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік ашады. Жұмысыңды жақсы атқарсан, табыспен қоса танымалдылыққа да ие боласың. Қазіргі кезде барлығы әлеуметтік желімен байланысты болғаннан кейін, креативтердің жарысы. Сен жасаған дүниең көрермен қауымына қызықты болса, назардан тыс қылмайсың. Ал кемшілігі, ұялы телефонда минуттап қана емес, сағаттап отыруға тура келеді. Бейнероликті өңдеу барысында әр элементке көңіл бөліп, дыбысты келтіру мен ауқымы үлкен бейнені дайындау үшін біраз уақыт кетеді. Сондай-ақ, ұялы телефон да, ұзақ уақыт бойы жұмыс атқаруынан істен шығуы әбден мүмкін»,- дейді Ернар Сапабек.
Мобилографияның медиадағы ұтымды тұсы көп. Бұрын медианы тек арнайы соған арналған мекемелер ғана жасайтын еді. Қазіргі таңда бұл үшін әлеуметтік желінің өзі жеткілікті. Ал, белгілі бір ақпаратты тез, динамикалық түрде, шынайы етіп жеткізу жолында мобилография үлкен рөл ойнайды.
«Мобилограф болам деушілерге айтарым, ең бастысы, ештеңеден қорықпаңыздар. Сіздің осы салаға деген қызығушылғыңыз оянды ма? Демек, ол сіздің қолыныздан келеді. Идея жетпіспей тұрса, видеограф, мобилографтардың жұмыстарына назар аударып қараңыз. Барлығы кішкентай жұмыстан басталады. Әрекет түбі – берекет», – деп пікір бөлісті Ернар.
Ділназ Ізтелеуова,
3-курс