Бір шеге қақпаған аудандар бар. Облыс әкімінің кезекті сыны кімдерге айтылды?
Макроэкономикалық негізгі бағыттар бойынша қаңтар айында кейбір аудандар бірде-бір жұмыс атқармаған. Бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңесте Құмар Ақсақалов көрсеткіші төмен өңірлердің әкімдерін сынға алды.
Кеңесте өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда-саттық сияқты салалардың даму бағыты, нәтижелері айтылды. Жыл басындағы жағдайды экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина баян етті. Оның айтуынша, макроэкономикада өсу қарқыны байқалады. Алайда, бұл – жекелеген өңірлердегі жұмыстың нәтижесі.
– Өндірістің дамуы Қостанай (133,3%), Әулиекөл (117,9%), Сарыкөл (115,3%) аудандары мен Қостанай (115,6%) және Арқалық (105,6%) қалаларында тіркеліп отыр, – деді басқарма басшысы.
Сол секілді құрылыс жүргізуден Б.Майлин, Арқалық, Лисаков, Жітіқара өңірлерінің көрсеткішінде өсім бар. Ал тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөнінен Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданы озық тұр.
Негізгі жеті бағыттың (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй салу, көтерме сауда, бөлшек сауда, жеке инвестициялар) бесеуінде жеткіліксіз нәтиже көрсеткен өңірлер де аталды. Олар: Алтынсарин, Жанкелдин, Қарасу, Қостанай және Меңдіқара аудандары.
– Мысалы, Қарасу ауданын алайық. Кестеден құрылыс саласы бойынша көрсеткіші «0» деп тұр. Бірде-бір шеге қақпадыңдар ма сонда? Республикадағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірісіздер. Өндірісте, инвестиция тартуда мүмкіндіктеріңіз жоғары. Жыл басында тапырақтап жатқандарыңыз жақсы емес. Бір жыл жұмыс істеп жүрген жоқсыздар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Аудан әкімдері кейбір көрсеткіштердің кейінгі айларға жоспарланып отырғанын айтқан. Алайда, уәждері нақты дәлел бола алмады. Өңір басшысы алдағы уақытта жұмысты сылбыр жүргізген, кемшілік жіберген әкімдерге шара қолданылатынын айтты.
– Әкімдерге тағы да ескертемін, негізгі көрсеткішке қол жеткізу үшін сіздер жеке жауапты боласыздар. Айта кетейін, біз өткен жылдың соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін төмендеткені үшін Денисов, Қамысты аудандарының әкімдерін жазалаған едік. Әр тоқсан сайын, жарты жылдықта осылай қарап отырамыз, – деді Құмар Ақсақалов.
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.