Оқырман қыз
Қазіргі таңда жастар газет оқымайды деп налимыз. Дегенмен, мерзімді баспасөздің тұрақты оқырманына айналған жастар бар. Сондай жастың бірі – А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің журналистика мамандығының студенті Раушан Азаматқызы. Ол оқушы кезінен бастап ата басылым "Қостанай таңын" оқып келеді. Осы басылым арқылы өзінің рухани өрісін кеңейтіп отыратынын да жасырмайды.
— Білімді болу үшін көп оқу керек. Өз басым кітапханаға тек кітап оқу үшін ғана бармаймын, газет-журналдарды да шолып шығамын. Соның ішінде өзіміздің өңірдегі жалғыз қазақтілді басылым "Қостанай таңының" әр нөмерін қалдырмаймын. Өйткені, бұл газетті бала күнімнен оқимын. Қашанда газет көтерген мәселенің шешілмей қалған күні жоқ. Сондықтан халықтың тағдырына бейжай қарамайтын "Қостанай таңында" да айтулы мәселелер көтеріледі, өңір өмірі осы газеттің беттерінде жарияланады . Әсіресе, "Ақшам" қосымшасын асыға күтемін. Ондағы "Тылсым", "Сән мен сымбат", "Дода", "Балдәурен" сияқты арнаулы беттер мен жаңа айдарлар, жаңа жобалар халықтың жүрегіне жол табуда. Ал кейде кітапханаға баруға қол тимегенде газеттің әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларын ақтарып, сол жерден де өзіме керекті жаңалықтарды оқып отырамын. Газет сайты да пайдалануға ыңғайлы, суреттер мен мәтіндер сапалы. Жақында байқағаным, газеттің дизайны өзгеріпті, көз тартарлық екен, оқуға да жеңіл, — дейді Раушан.
Журналист мамандығын оқып жатқан Раушан алдағы уақытта газеттің әр нөмірін үзбей оқып қана қоймай, жастар жайлы жазылған мақалаларға өзіндік ойын қосып, пікірін білдірсем дейді. Тіпті, өз жақындары мен достарын облыс баспасөзінің айнасы — "Қостанай таңын" оқуға үндеп, оның әр шаңырақта таралуына ұйытқы болуға тырысатынын айтады.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ
Қостанай қаласы.
Суреттерді түсірген автор
Қостанай қаласы.
Суреттерді түсірген автор