Бастама баянды болуға тиісті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалардың бірқатары іс жүзінде қазірден-ақ орындалып жатыр. Оны біз сияқты қарапайым халық естіп, біліп отыр.
Айталық, 2023 жылғы 1 қаңтардан елімізде жалақы, зейнетақы артып, ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті. Осы жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ақы төлеу мерзімі ұлғайтылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік береді.
Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге молайтылуы да Жолдау жүктеген міндеттің бірі. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі – 36 018 теңге.
Өздеріңізге мәлім, үкімет халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл жоба аясында дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысы кезең-кезеңмен көбейтіледі.
Сонымен қатар, биыл дәрігерлердің жалақысы да артты. Олардың орташа жалақысы шамамен 561 мың теңге болады деп жоспарланып отыр. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдер де тасада қалып қойған жоқ. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25%-ға өсетіні айтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға артып келеді. Бұдан бөлек, мәдениет және өнер қызметкерлері мен өрт сөндірушілердің жалақысы да назардан тыс қалмады. 2023 жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 180 мың теңге болды. Жалақысы көбейіп жатқандардың ішінде әскерилер мен теміржолшылар да бар.
Міне, осындай қамқорлықтың арқасында халқымыздың жағдайы жақсарып, еліміз одан әрі дами береді деген сенімдемін.
Тұрмыстың бірқалыпты болғанын кім қаламайды дейсің. Кейде азық-түліктің құбылмалы бағасына алаңдап қалатынымыз бар. Президент мұны да ескеріп, ауыл шаруашылығын дамытуды мықтап тапсырып отыр. Өйткені, табиғи таза тағамның бәрі қаладан шалғай жатқан елді мекендерде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әлеуетті кәсіпорындар ауылдарда болғаны абзал. Сондықтан, қазір Президент тапсырмасына сәйкес, біздің өңірде де осы салаға, ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлініп жатқанын байқаймын. Бастама баянды болуға тиісті. Бізде білікті кадрлар бар, білімді ұрпақ өсіп келеді.
Уәлихан АЙҒҰЛАҚОВ,
Сарыкөл ауданының ақсақалы