Елдің амандығы қымбат

Ұстаздар қауымы биылғы білім жылын да аяқтады. Оқушы да, ұстаз да көп еңбектенді. Жыл соңында сол еңбектің жемісін көрді. Енді биылғы жылдың жайы белгілі. Бұрындары мектебімізде соңғы қоңырау кеші керемет өтетін. Ауыл мектебіне туған жерін сағынған, мектеп бітіргендеріне 60 жыл болған түлектерден бастап 10 жылдықтарға дейін жан-жақтан жиналып, мектепте қауышып, өткенді бір еске алып, ауыл іші мәре-сәре болатын. Өмірде жеткен жетістіктерімен бөлісіп, мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, соларға қарап шәкірттер үлгі алатын. Ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі осылай белең алатын еді.
256B4C~1
11 жыл білім алып, болашаққа қанат қаққалы отырған оқушылар үшін, әрине, бұл күннің маңызы зор. Соңғы қоңырау – сәтті сапардың басы. Енді биыл аттестат алу үшінші маусымға келіп тұр. Қатаң тәртіпте өткізілмекші. Бастысы ел аман, жұрт тыныш болса бәрі де болады. Негізгісі адам денсаулығы, елдің амандығы, індеттің таралып кетпеуін ойлауымыз керек. Бүгінгі түлек те осы басты байлықты жақсы түсінгендей. Болашақ – алда.
Биыл қызым да осы түлектердің қатарында. Балалардың бар ойы алдағы ҰБТ-дан сүрінбей, алған білімді дәлелдеп шықсақ дейді. Мектеп бітіргелі отырған 24 оқушы мектептің алдына 24 түп тал екті. Осы қиын кезеңге қарамастан мектепте қызу жұмыс та жүрді. Жылу қазандығы ауыстырылып, 14 жаңа компьютер алынды. Осылай техникалық база жаңарып жатыр. Осы мектепке өзім 91 жылы келген екенмін, 29 жыл үздіксіз бір мектепте еңбек етіп, талай түлекке бағыт беріп, ұшырдық. Мектеп өздерінің өрелі өрендерімен мақтана алады. Биылғы өзгеше тәртіпте білім алып, мектеппен қош айтысқалы отырған оқушыларымызға сәттілік тілегім келеді.
Нұрлыгүл Жәнділдина,
Жаңаауыл орта мектебінің мұғалімі.
Аманкелді ауданы,
Үрпек ауылы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓