Журналистер шеберханасы

Ол кезде бұл қалада басқа ұлттардың үлесі басым еді ғой. Соның өзінде осы газет қазақтың мүддесін ойлап, мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған бірден-бір басылым болды. Оның үстіне, біз секілді жастарға үлкен мектеп, керемет шеберхана бола білді. Осы редакцияда өткен күндер – өмірімдегі ұмытылмайтын шақтар. Егер өмірде бір жетістікке жеткен болсақ, шығармашылық жолда өзімізді таба алсақ, егер үлкен азамат, тұлға болып қалыптасқан болсақ, оған "Коммунизм таңының" тигізген ықпалы, қосқан үлесі өте зор деп айтар едім. Себебі бізді «Журналистика» деген әлемге қадам бастырып, оқуды бітірмей тұрған кезімізде, бұл кәсіпті танып үлгермеген шағымызда көзімізді ашып, бізді осы мамандыққа құлшындырған бұл баспаның орны бөлек. Қазіргі редакторы Жанұзақ Аязбеков те керемет буынның өкілі. Олар журфакты бітірген ылғи мықтылардың шоғыры болды. Ұлықбек бар, марқұм Нұртілеу бар, осы Жанұзақ бар – әрқайсысы бір төбе болып көрінетін тұлғалар. Бұл кісілер 5-курста жүргенде біз оқуға енді түсіп жаттық. 1-курс пен 5-курс кездесетін дәстүр болушы еді сол кезде. Сонда осы курспен кездесу өткізгеніміз бар. Жәкең қаламы қуатты, аузы дуалы азаматтардың бірі ғой. Сондықтан ол басқарып отырған газет басқа қырынан жарқырап, әлеуеті арта түсті деп білемін. Ғасыр тойын атап өткелі отырған басылымға бақ-бедел, редакцияның ұжымына үлкен шығармашылық табыс тілеймін! «Қостанай таңы» сол өңірдегі қазақтың мұң-мұқтажын жоқтап, мүддесін түгендеуде жаңа жетістіктерге жете берсін, даңқы алысқа кете берсін деп тілеймін!
Қали Сәрсенбай,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
"Ана тілі" газетінің бас редакторы