Арқалықта жиырма құрсақ көтерген ана тұрады
Арқалық қаласының тұрғыны Қамаш Ысқаққызы – жиырма құрсақ көтерген алтын құрсақты ана. Бүгінде батыр ана немере-шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отыр.
Қамаш апа 1939 жылы Аманкелді ауданына қарасты Чапай елді мекенінде өмірге келген. Жастайынан колхоз жұмысына қолғабыс жасап,17 жасында Социал есімді азаматпен отбасын құрды. Отағасы есепші болып қызмет етіп, өзі үй шаруашылығымен айналысты. Кейін сатушылықтың оқуын бітіріп, ұзақ жылдай осы салада қызмет жасады.
Батыр ана өткен шаққа оралғанда:
«Жалпы, жиырма құрсақ көтердім. Соның сегізі жастайынан шетінеп, он екісін жолдасымыз екеуміз өсіріп жеткіздік. Ол кезде бүгінгідей дайын ұн жоқ, диірмен тартатынбыз. Көмірді алғаш көргенде де қатты қуандық. Оған дейін отқа малдың тезегі мен қиын жағатынбыз. Шиеттей балаларды өсіру оңай болған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз еңбек еттік», – деп еске алады.
Балаларының бәрі де жоғары білімді. Көбісі ұстаздық жолды таңдаған. Қазір Алматы, Астана, Қостанай қалаларында тұрады.
Үлкен ұлы Ерден қала жұртшылығына жомарттығымен танылған жеке кәсіпкер. Өткен жылы қаланың бас қақпасын (арка) орнатып берген осы азамат болатын. Ал, кенже ұлы Кенжеғұл Қазақстанның паравелоспорт федерациясының президенті. Білім саласында да биікті бағындырған. Қазақ ұлттық университетін қызыл дипломмен тәмамдап, Жапонияда, Англия мен Америкада білім алған. Қазақ, орыс, ағылшын, жапон, француз, неміс тілдерін меңгерген полиглот бауырымыз қазіргі уақытта араб пен түріктілдерін үйреніп жүргенін айтады.
Тағдыр сынағына мойымай, үлкен жетістіктерге жеткен жерлесіміз алдағы болатын ҚР Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауында да бақсынап көрмек.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.