Спандияр Көбеевтің кітаптары неге тапшы?

Көрнекті жазушы-педагог, аудармашы, қоғам қайраткері С.Көбеевтің туғанына биыл 145 жыл толады. Ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің көмегімен алғаш мектепке қабылданып, кейін мамандық таңдауда жүрегі мұғалімдікті қалағанын Спандияр былайша  еске алады: «…Екі жолдың айырығында тұрдым: бірі -уезде іс басына тұрып, шен іздеу немесе ауылда қалып, ел билеу мәселесіне араласу еді, екінші жол Ыбырай аға өсиет еткен ғылымның ұзақ сүрелі жолы еді. Бірақ әкем мен шешем үшеуміз ақылдаса  отырып, Ыбырай ағаның жолына түсуді ұйғардық. Келешегім айқындалып, әрі қарай оқи беруге бел будым».
Еңбек жолын 1901 жылы мұғалімдіктен бастаған Спандияр көп ұзамай жазушылықты да қатар алып жүрді. Ол «Қалың мал», «Орындалған арман»,  «Үлгілі тәржіме»,  «Үлгілі бала» сынды еңбектер жазып, өткен ғасырдың бірінші жартысындаәдебиет әлемінде танылды.С.Көбеевтің кітаптарына танымал тұлғалар лайықты бағасын берді, айталық, ғалым Бейсенбай Кенжебаев: «Қалың мал» романы мен  «Орындалған арман» мемуары қазақ әдебиеті тарихында маңызды орын алады» деп жазса, академик Серік Қирабаев: « Өз дәуірінің прогресшіл талап-тілектеріне жауап беруге тырысқан, ұлттық әдебиетте алғашқы романдардың бірін жазған С.Көбеевтің есімі ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениетінің тарихынан құрметті орын алады»,-деп бағалаған екен. Сөз ретіне қарай айта кетейік, өткен ғасырдың елуінші жылдарынң соңын ала С.Қирабаев педагог-жазушының өмірі мн шығармашылығын зерттеп-зерделеп, кандидаттық диссертация қорғағаны мәлім. 
С.Көбеевтің ұстаздық қызметі де ерекше табысты болды. «…Өмірімнің ақырғы минутына дейін ардақты халқыма қызмет етуді арман етемін. Менің мақсатым да, мен үшін рахат та, ләззат та осы» деп жазған («Орындалған арман» мемуарлық кітабынан) ұлағатты ұстаз шын мәнінде мамандығына мейлінше адалдық танытады.Өзі айтқандай, өмірінің ақырына дейін, 55 жыл бойы мектепте жұмыс істеп, балаларды оқытады. Оқу-ағарту саласындағы ерен еңбегі үшін С.Көбеевке1944 жылы оған «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ беріледі. Екі мәрте «Ленин орденімен марапатталады.  1947 жылы ҚазССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады.
Елге адал қызмет етудің  үлгісін көрсеткен тұлғаның: «Елге еңбек еткен жақсы.Еңбекті елеген ел жақсы»  деген сөзінің өміршеңдігі, қазіргі талаптармен сабақтастығытәнті етеді.Бұған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мына сөздері дәлел: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады" («Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауынан).
Осылайша Ы.Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі, әрі ізбасары С.Көбеев еселі еңбегімен артына өшпестей із қалдырды: есімі қазақ энциклопедиясына, ал әңгіме, мысалдары мектеп оқулықтарына енді. Ол туралы материалдар бірнеше кітапқа: «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» оқулығына (Б.Кенжебаев. Алматы, 1993), «Қазақтың  100 романы» анықтамалығына (Астана, 2004),  «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақ әдебиетінің  тарихы» он томдығына (Алматы, 2006) енгізілді.  Көптеген мақала, естеліктер жарияланды, әлі де жазыла бермек. С.Көбеевке қатысты менің де бірер мақалам жарық көрді.
Көрнекті тұлға мұрасы – халық игілігі, оны көпшілік, әсіресе мұғалімдер қауымы оқып-біліп, насихаттауы қажет деп санаймын. Неге десеңіз, С.Көбеевтің өмірі мен қызметі – тұнып тұрған тағылым, ұстаздықтың шыңына шығудың, үздік педагог деңгейіне көтерілудің үздік үлгісі. Оның жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, сапалы оқыту, мұғалім беделі және өзге де  мәселелерге қатысты ой-пікірлері қазіргі заман талаптарымен үндесіп, жаңғыра түсуде. Айталық, ұлағатты ұстаздың «Оқытушы жан-жақты білімі бар адам болуы керек. Қазіргі заманда білімі таяз, өз дәрісінен басқаны білмейтін тұйық оқытушы тек оқытушылардың алдында ғана емес, жалпы халықтың алдында да беделді бола алмайды» деген сөзінің бүгінде жиі айтылатын «педагог мәртебесі» мәнімен ұштасатынын аңғару қиын емес.
С.Көбеевтің педагогикалық  мұрасындағы «Балаларды оқуға ынталандыру  тәрбиесі туралы»,  «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу»,  «Оқу-тәрбие жұмысын қалай ұйымдастырдық»,  «Оқушылардың білімін дұрыс бағалайық»,  «Кітап оқу» және т.б. мақалаларының  педагогтер үшін маңызы зор.  Сондай-ақ қаламгердің жас ұрпақты адамгершілікке, еңбексүйгіштікке үндейтін шығармаларына сұраныстың, әсіресе, оның мерейтойы қарсаңында арта түсетіні белгілі.  Түрлі іс-шараларға дайындалу барысында мерейтой иесі кітаптарының қажеттілігі туындайды, алайда  оларды қолға түсіру  оңай емес екен. Мұның айқын бір дәлелін таяуда Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми  кітапхана қызметкерлері ұйымдастырып, өткізген «Дархан даланың дара перзенттері» атты  іс-шарада байқадық. Шақшақ Жәнібектің 330, Амангелді Имановтың 150, Спандияр Көбеевтің 145 жылдығына арналған кітап көрмесінің салтанатты тұсаукесеріне қатысқан оқырмандар педагог-жазушы кітаптарының тым тапшы екеніне қынжылыс білдірді. Басқосу барысында жазушы-педагог туралы сөз алған Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева да: «Ардақты Спандияр атамыздың кітаптары тым аз» деп,  Көбеев еңбектерінің бүгінде қолжетімді еместігін атап өтті. Оның тарыдай шашылған бірен-саран кітабын үйге алып оқу мүмкіншілігі де жоқ. Шынында да, даңқты жерлесіміздің кітаптары бүгінде жәдігерге айналғандай. Тіпті, облыстық деңгейдегі кітапхананың өзінде С.Көбеевтің небәрі 4 дана кітабы ғана бар екен және бәріде ертеректе жарық көрген: екеуі – «Қалың мал» романы (Алматы,1950); «Спандияр Көбеевтің таңдамалы шығармалары» (Алматы, 1960) және «Орындалған арман» романы (Алматы, 1988) бір-бір данадан. Қалалық кітапхана мен оның «Северный» атты филиалында да С.Көбеевтің кітабы табыла қоймады. Демек, өзге өңірлерде жағдай өзгеше деп айту қиын. Қазақ әдебиеті тарихында алғашқы романдардың бірін жазған, қазақ педагогика ғылымында өзіндік орны бар ардақты тұлғаға деген лайықты құрметтің бірі -кітаптарын жаңғыртып, ел игілігіне ұсыну болмақ. Оның шығармалары соншалықты көп те емес, бәрін жинақтап бір-екі томдық етіп, бастырып шығару – кезек күттірмей, қолға алынуы тиіс келелі іс. Еңселі ел боламыз десек, алдымен ұлт руханиятының іргелі, кемел болуы шарт екенін ұмытпауымыз керек.
Биалаш Сүйінкина,
                                                     білім беру саласының құрметті қызметкері,
                                                    Қостанай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓