Аймақтан қандай хабар бар?
Мақсат – маман тапшылығын жою
Облыста. Биыл өңірге келетін дәрігер мамандарға үй салу үшін 2,1 млрд теңге бөлінген. Көтерме ақы төлеуге де дайын. Бұл амалдар кадр тапшылығын жою үшін жасалып отыр. Бүгінде облыс көлемінде 312 дәрігер жетіспейді. Жыл сайын өңірге 150-ге жуық маман келеді екен. Бірақ бұл да мәселені шешуге қауқарсыз. Өйткені бұдан әлдеқайда көп адам зейнетке шығып кетеді.
Екінші мүмкіндік
Қостанай. Жазасын өтеп келуші азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Әлеуметтік жобаны қалалық прокуратура мен пробация қызметі ұйымдастырды. Осы іс-шараның арқасында ұзын саны 25 адам қос қолға бір күрек тапқан. Жобаны алдағы уақытта жалғастыру жоспарланып отыр.
Өрттен кейінгі өмір
Әулиекөл. Орман өртінен жапа шеккен тұрғындар қайырымдылық қорына түскен ақшаның әділетті бөлінгеніне күмәнді. Олар қазір коммуналдық қызметке төлейтін, өмір сүретін ақша таппай отырғандарын айтады. Жаңа аудан тұрғындары жазға дейін күнелту үшін бүкіл ел болып қаржы жинаған қорға үміт артып отыр. Қиын жағдайға отыз шақты отбасы тап болған. Ал қор жетекшілері жиналған қаражатты аудиторлар тексеріп, ақшаның бәріне тең бөлінгенін айтты.
Шекара шебіндегі кезек
Қарабалық. «Қайрақ» өткізу бекетінде бес шақырымдық көлік кептелісі пайда болды. Жүк көліктерінің жүргізушілері қыс мезгілінде бұрын-соңды болмаған мұндай жағдайды түсіне алмай, әлеуметтік желілерге бейнежазбалар таратуда. Тезірек өтіп кетуге асыққан көлік иелерінің арасында жаға жыртысулар да болған. Бұл келеңсіздікке нақты ненің себеп болғаны белгісіз.
Пәтер өртенді
Лисаков. Өрт көп қабатты тұрғын үйдің 8-қабатындағы балконынан басталған. Оны аулада жүрген көршілері көріп қалып, өрт сөндірушілерге хабар берген. Куәгерлер құтқарушылардың кешігіп келіп, бірден іске кіріспегенін айтады. Ал өрт сөндірушілер қалалық электр желісі мекемесінің командасын күткендерін алға тартты. Бұл кезде өрт тұтас пәтерді шарпып үлгерген. Сегіз адам құтқарылды. Үшеуі – бала. Ешкім жапа шеккен жоқ.
Экологиялық форум өтті
Федоров. Іс-шараға барлық ауылдық округтен 80 шақты оқушы қатысты. Оларға арналып, сурет пен видео түсіру, экологиялық өнімдер жасаудан шеберлік сағаттары өткізілді. Қоқысты қалай дұрыс сұрыптауға болатыны үйретілді. Еріктілер қарттарға, үй жануарларына қамқор болуға үндейтін мейірім сабақтарын ұйымдастырды.
Тоғызқұмалақ турнирі тоғыстырды
Б.Майлин. Набережный орта мектебінде тоғызқұмалақтан аймақтық жарыс өтті. Оған жергілікті оқушылармен қоса, Рудный, Лисаков қалаларынан 90 адам қатысты. Тартысты бәсекеде командалық есеп бойынша 1-орынды Новоиьинов ауылының жастары жеңіп алды. 2-орын рудныйлықтарға бұйырды. Ал 3-орынды Әйет ауылының командасы қанағат тұтты.