Жерлесіміз республикалық мүшәйрада жеңімпаз атанды
АМАНАТ тарту.
І. ДАЛА
Боз тұман… шеті, шегін тұмшалаған,
Апырма-ау, кең болар ма мұнша дала.
Көре алмай көңіл сенер бір қараны,
Келеді үш жатыр бір шанада.
Айнала мұнар жапқан даланы аппақ,
Жан-тәнін сол далаға аманаттап,
Үш мұңлық келе жатыр көңілдерін,
Өлмейтін үмітпенен қанағаттап.
Бұл белден шыдам ғана аса алады,
Сезгендей ат та соны қасарады.
Делбені көшір бала қаққыласа,
Сүйрейді зорға-зорға кәшауәні.
Кеп қалған кезең еді, ерте көктем,
(Арқаны Наурыз қашан еркелеткен?!)
… Үшеудің көшбасшысы бір ән салды,
Далада тына қалды жел кенеттен.
Дөйди-дай… Дөй-ди-дай, дайда-дайдім…
ІІ. ДАУА
Дөй-ди-дай, дайда-дайдім…
… Арқаның құлақ түріп белестері,
Тобылғы тырп етпеді, жел еспеді.
Кенеттен мұнар емес мына әлемді,
Ән орап кеткендейін елестеді.
Қалт етпей жер менен көк тыңдай қалып,
Көкпек шөп бара жатты гүлге айналып…
Шыға алмай сұлу әннің әсерінен,
Ауада бозша торғай тұр байланып.
Таң атып келе жатқан мезгіл еді,
Арқаны әсем әннің кезді лебі.
Алғандай әннен қуат құла бесті,
Тыңайып түндегіден тез жүреді.
Қоңыр үн қобыздайын сан түрлене,
Жатқандай әсер етіп бар тілге де.
… Иесін сол әуеннің шақырғандай,
Үн шықты қыр астынан әупілдеген.
ІІІ. ТАҒДЫР
Тағдырдың бұл бір тосын шешімі ме?
Бұйрық та бермеп еді көшіріне.
Танауы бу атқылап құла бесті,
Шеткі үйдің кеп тоқтады есігіне.
«Адасқан қонақ болды-ау, сәрі бұлар…
(Қонаққа қай қазақтың күмәні бар?!)
Бүкшеңдеп кемпір шықты «төрлеткін» деп,
Қолына ұстай шыққан құманы бар.
Сәлемін жолаушының құптап алып,
Танытты кемпір көңлін мықты аналық.
… Беттеді Мағжан үйге сәлем бере,
Көшір мен қосшы жігіт сыртта қалып.
Іv. ТОСЫЛУ
Есіктен аттады,
кілт тоқтай қалды,
Қоп-қоңыр қос жанары оттай жанды
Кенеттен тіл мен жағы байланғандай,
Бір сәтке жүрегі де соқпай қалды.
Ысынып жүре берді салқын қаны,
Ісініп бара жатты алқымдары…
Көргенде бұл керемет көріністі,
Шілтерлі ақ шымылдық артындағы.
Дәл мұндай адам заты жаралмас-ты,
Пері ме?…
Үрей, күдік сан алмасты.
… Қолаң шаш, құлын мүсін, аппақ етті,
Үр ерін, қыр мұрынды, қалам қасты.
… Түсім бе, шыныменен өңім бе, Алла-ай,
(Өр жүрек бір «пәлеге» соғылғандай).
Қос қолмен серпігенде қою шашын,
Аққу құс айдын көлге шомылғандай.
Өн бойы сұлулықты тұр жыр етіп,
Нұр сәуле аппақ тәнін үлбіретіп.
Кеудеден шашын кері лақтырғанда,
Қос алма төсіндегі дір-дір етіп…
… Киінді.
Мағжан әдей жөткірінді,
Селт етті сұлу сонда
Көп бүлінді.
Шыға алмай шымылдықтың аржағынан,
Қағаздай ақша беттен өрт білінді.
Келе алмай Ақын отыр әлі есіне,
Бұл не өзі, іңкәр көңіл дәмесі ме?
… Жез құман бұрқ-сарқ қайнай ысқыра кеп,
Шақырды қонақтарды сәресіге.
Қараңыз құдай салған тамашаны,
Орнында сәукеленің қара шәлі…
Манағы сұлу келіп шай құйып тұр,
Жарық қып көркі көрдей қарашаны. (қараша үй деген мағынада)
Қан тулап, екі беті ысынған да,
Түскені байқалады қысым жанға.
Меруерттей екі көзі бір жарқ етті,
Кесені бас қонаққа ұсынғанда.
Сезім мен сабыр қатар тайталаса,
Жүрегін қалғандай-ау айқара аша.
(Шынында ақын ақын болады ма,
Жүректің ішкі даусын байқамаса)
Ақынның бұл да өзін тежегені
Еріні іштегі өрттен кезереді
Абдырап Мағжан отыр ой арбаған,
Біле алмай не ішкенін, не жегенін.
Пәк жүрек, шыдай алмай езіледі,
Ойлары шартарапқа безіреді.
Қоржын там, ауыз үй, төр үй қос бөлмелі,
Төріндей ұжымақтың сезіледі.
Сол ару бордай қылды тастай ұлды,
Ол дауыл, ал бұл болса жас қайың-ды.
… Кеселер төңкеріліп (не деді екен?)
Қол жайып ақын Мағжан ас қайырды.
vІ. ТІЛДЕСУ
Кеудені ойлар келіп жаншылады,
Жүректі сезім шіркін, қамшылады.
… Ауыз үй, пеш түбіне жантайды да,
Сайланып жыр жазбаққа шам сұрады.
Оған да оңашалық ұнағаны,
Орнынан сұлу оңай тұра қалып
Тоң майды пілтеге орап тұтатты да,
Ақынның әкеп берді сұрағанын.
Сәт қой бұл үміт, күдік қылда тұрған,
Батылдық пайда болып мұңлы ақынға
«Хат тани білесің бе, қарағым?» деп,
Сол сәтте жарап қалды тіл қатуға.
Қос жүрек табыса алмай толғанады,
Бақыт құс қона алмай тұр қолға әлі.
Ымменен басын изеп ишара қып,
Сұлудың сәл дір етті оң қабағы.
Бірінші хат:
Он төртте толған айдай боп,
Асып бір туған, дидарлым.
Бір сен деп жүрек тулады,
Жүрекке жаным, иландым.
Жайыңды білмей жармасу,
Жайы емес шығар иманның.
Алаштан таппай ақиқат,
Адасып жүрген «мейманмын».
Сұм өмір маған абақты,
Думанды ерте тыйғанмын.
Тағдыры үшін халқымның,
Азапқа басты қиғанмын.
Өзіңе бүгін жолығып,
Көңілге тағы күйік алдым.
Ашып та айтшы, асылым,
Ел сәні болар шағыңда,
Басыңа қара жамылып,
Қарағым, неге қиналдың?
Қыздың жауабы:
Елге сән болу не теңім,
Ағатай, мен бір мұңлықпын.
Басыма қара жамылып,
Ашылмай қалған түндікпін.
Тұңғиық терең қайғыға,
Жас жүрегімді сүңгіттім.
Келін боп түсер кезімде,
Күйеуімді ажал ап,
Қара бет болған мұңлықпын.
Жалғызын жұтып әулеттің,
Ертіп түсіппін осы елге,
Барлығын пәле сұмдықтың.
Осы жазда жыл толар,
Әмеңгер білмен кім болар,
Ортасында қалдым құлдықтың.
Құлдықтан құтқар, жан аға,
Сезейін не екенін кеңдіктің,
Біз көрмей, айтшы кім көрер,
Пайдасын сонда теңдіктің.
Қапастағыны құтқарып,
Қайғырғанға қол беру,
Ісі емес пе еді, ерліктің?!
Құтқара алсаң торымнан,
Ерейін ертсең, соңыңнан,
Мәңгілік сонда сендікпін.
Мағжанның жауабы:
Сөзіңе сүйек еріді,
Өзіңе жаным берілді,
Алашты алты айналсам,
Таппаспын сендей теңімді.
Зауал боп мынау заманым,
Тарылтты етек-жеңімді.
Беремін саған сертімді,
Сертің де тұр өзің де,
Жоғалтпа мендік сенімді.
Тірі болсам түбі оралам,
Білдім ғой, мекен, тегіңді.
Қыздың екінші жауабы:
Ешкімге жолап көрмеппін,
Жолығып іңір, ақшамда.
Өмірімді берем деген ем,
Қойнымды алғаш ашқанға.
Мәңгілік күтем, күт десең,
Медет бер, Тәңірім, жас жанға.
Тірлікте демім жетпесе,
Кедергі қылса әлдекім,
Рухым күтер мақшарда.
Іv.. ҚОШТАСУ
Сырлы түн, қимағанмен бұла кешті,
Жат үйде жата беру сірә, әбес-ті.
Қайтадан қамыт киіп, жолға түсті,
Бір жұма қунап қалған құла бесті.
Таң алды, жол болса әлі қарақатқақ
Жүрегін аңдаусызда жаралап қап
Бұл кетті,
артында асыл ару қалды,
Тағдырын сенгеніне аманаттап.
vІІІ. ЖАЛА
«Сұм өмір абақты ғой саналыға»
Бағынбас адам бар ма заманына.
Сұм кезең талай-талай асылдарды,
Иледі-ау, салып тұрып табанына.
Ұлт үшін құрбан қылған басын Мағжан,
Өр Мағжан, дауыл Мағжан, жасын Мағжан!
Жете алмай уәде берген сүйгеніне,
Аһ ұрды абақтыда асыл Мағжан.
ІІХ. ҮМІТ
Басын бұлт анық еді торлағаны,
Өр ақын қайыспады сонда-дағы.
Түрмеден босасымен Арқа жаққа,
Қырандай жемге асыққан сорғалады.
Қиналған абақтыда құдай алмай,
Жас жүрек, махаббатқа шыдай алмай
Кетердей құс боп ұшып, асыққанда
Толқиды, не күле алмай, жылай алмай
ІХ. НАЛА
Аяп па ед, заман бұдан залалдарын,
Кенеттен күлге айналып ақ арманы
Аулына іздеп келген ақын Мағжан,
Сүйгенін уәделескен таба алмады.
Махаббат кер кезеңге дәлел ме еді,
(Салт солай болатұғын әрі елдегі)
Аруын ат артына шаштан сүйреп,
Зарлатып ап кетіпті «әмеңгері»
Х. АМАНАТ
«Аһ» ұрып, санын соғып қалды Мағжан,
Жүрегін мұң-теңізге малды Мағжан.
Баяғы бір шырқалып ұмыт болған,
Аяулы әнге сонда салды Мағжан:
«Хат жаздым, қалам алып сізге еркем,
Жүзің бар он төртінші айдай көркем.
… Тілің бал, тісің маржан, көзің меруерт,
Қозғайсың қатып қалған-ай іштің дертін»
….. Дөйди-дай. дөйдидойдім…
Есіме сен түскенде беу, қарағым,
Қозғайсың қатып қалған еу, іштің дертін.
Еу, дүние, мен ішпеген уың бар ма,
Не таптың, мені сонша қуырған да?!
… Зарланып әнге салды, шерлі Мағжан,
Еті өліп, жүрек тоқтап суынғандай.
Өшпестей сол кезеңнің табы қалған,
Талайдың арманы өліп, зары қалған.
Жете алмай қалған асыл мұраттарға,
Ешқандай таба алмапты дәрі жалған.
Бес күндік дүниеге арбалғанның,
Ұмыт боп бұл күндері бәрі қалған.
… Тек қана ғашық жүрек мәңгі өлмейді,
Жатталып ел аузында әні қалған.
Эпилог
Боз тұман бөкебайдай тұмшалаған,
Апырма-ау, кең болар ма мұнша дала.
Сене алмай көсеміне, (Серкесі жоқ),
Үш жолшы келе жатты бір шанада.
Қыс кеткен. Өлі көктем. Қарақатқақ.
Жағалай мұнар жапқан даланы аппақ.
… Адасқан Алаш ұлы кезең еді ол,
Тағдырын Тәңіріне аманаттап.
Қашаннан сорым – дала, бағым – дала,
Қашаннан жаным – дала, сәнім – дала.
Дарынды ұлдарының бәрін жұтып,
Өлмейтін алып қапты әнін ғана.
… Алашқа АСПАН-АНА, КҮН аманат,
Мейірі алтын күннің НҰР аманат.
Аузына Әл-мисақтан Алла салған,
Мақшарға ұлы аманат- ТІЛ аманат.
Мағжандай асылыңнан бір аманат,
Осы бір ӘН аманат, ЖЫР аманат.