Күн тәртібінде – жастар мәселесі
Рудный қаласы әкімдігінің ғимаратында жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының жетекшісі Кенеш Әлімжанов мен әкімнің орынбасары Елена Скаредина қатысып, жастармен тікелей жұмыс істейтін мекеме-ұйымдардың өкілдерімен күн тәртібіндегі төрт мәселені қарады.
Кеңесте алғаш боп сөз алған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Еришев жастар арасында спорттың дамуына қандай жағдай жасалғандығын және ауыз толтырып айтарлық жетістіктерді бір шолып өтті. Оның сөзіне сенсек, қаламызда 153 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оларда 12641 адам белсенді түрде спорттың 42 түрімен айналысады екен.
Баяндамадан кейін Елена Вадимовна соңғы бір жылда спортпен айналысушылар қатары қаншалықты артқандығын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген балалар мен жасөспірімдерге арналған №2 спорт мектебінің директоры Иван Баглаев барлық мәселе спорт алаңдарына келіп тірелетіндігін кесіп айтты. Яғни жаттығатын орындар лық толы. Басқарма жетекшісі бұл мәселені аулалық клубтардың жұмысын жандандыру арқылы шешуге болатындығын жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе шығармышылық ұжымдардың жұмысы болды. Осы салаға жауапты Ирина Лисицына мәдениетте керісінше өсім байқалатындығын айтты.
– Тек қана «Горняк», «Алые паруса», «Орбита», «Арман», «Юность» мәдениет үйлерінде 1745 адам қатыстырылған 44 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш пен ондағы жастардың үлесі күн санап өсіп келеді, – деп қуантты ол.
Сөз кезегі салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім жетекшісі Фариза Мырзаеваға берілгенде, ол ішімдікке құмар жандардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 1 адамға ғана төмендегінін жасырмады. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 130-дай алдын алу іс-шаралардың ішінде «Көкнәр», «Өрмек» сияқтылар нақты нәтиже берген. Сондықтан жиналғандар осы бағыттағы жұмыстарды қайта қарау керектігін ескертті.
Соңғы болып баяндама жасаған «ССКӨБ» АҚ-ның жастар саясаты бөлімінің өкілі Шаттық Әбдіқалықов кен алыбында жастардың білімін кеңейтіп, біліктілігін арттыруға, осылайша мансап бойынша өсуге барлық жағдай жасалғандығын атап өтті. Өндірістегі жастар жұмыспен қатар өнер мен спортты қатар алып жүретіндігін үлгі етті.
– Бүгінгі таңда бірлестікте жұмыс істейтін 18 мыңнан адамның 5 мыңы жастар. Біз олармен тығыз жұмыс істеп, олардың таланттарын ашуға тырысамыз. Жастардың әлеуметтік жағдайы назардан тыс қалған емес. Мәселен жуық арада жас мамандарға арналған Качарская көшесінде орналасқан жаңа тұрғын үй пайдалануға берілмек. Дәл осындай тағы бір үй қаламыз бен Қашар кентінде де бой көтеретін болады. Осының барлығы бірлестік президенті Береке Мұхаметқалиевтың жастарға жасап отырған қамқорлығы деп білеміз, – деді ол.
Күн тәртібіндегі сұрақтардың барлығы қаралып болғаннан кейін кеңесті қорытындылаған Кенеш Ғалибекұлы Рудный қаласының тазалығына тамсанатындығын жасырмай, осындай шаһардың ішкі өмірі де сыртына сай болса екен деді. Жастардың білім қуып, Астана мен Ресейге кетіп жатқандығына алаңдаушылығын білдірді. Сөз соңында кеңес жұмысына оң бағасын беріп, диалогқа әрдайым ашық екендігін айтты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Фотоны түсірген Ирина Старикова