Рудный қалай дамиды?
Биыл кеншілер қаласында 1,9 млрд теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, «Лидер-2010» ЖШС («Село Лесное» маркасы) өндірісін жаңғыртуға 252 млн теңге бағыттағалы отыр. Сүт, ірімшік, кілегей, «Тан», йогурт көлемін бес пайызға арттырып, нарық көлемін кеңейтпекші. Бұдан бөлек, «Казогнеупор-2015» серіктестігі де 250 млн теңгеге өндірісті дайындау цехының бір бөлігін дайын боксит өнімдерін уату және кептіру қоймасындағы цехы етіп қайта жаңартпақ ниетте.
– Биыл кеншілер шаһарында бірнеше супермаркет салынады. Мәселен, «НизкоЦен» ЖШС 300 млн теңге өз қаражатына бірден үш «iNMART» сауда үйін ашқалы отыр. «Зуев» жеке кәсіпкерлігі 75 млн теңгеге мини-маркет салуды жоспарлап отыр әрі жиырма жұмыс орнын құрмақшы. Ал «Митаева» жеке кәсіп иесі жүз млн теңгенің супермаркетінің құрылысын аяқтайды. Осылайша, алдағы уақытта Сарыбай еліндегі сауда орындарының саны сегізге дейін көбейіп, жүз жұмысшыны еңбекпен қамтығалы отыр, – деді Рудный қаласы әкімінің міндетін атқарушы Виктор Ионенко..
Бұдан бөлек, «Кулинский» жеке кәсіпкерлігі биыл отыз жаңа жұмыс орнын құра отырып, құны 200 млн теңге қарыз қаражаты болатын жаңа қоғамдық тамақтану пунктін ашады.
– Биылғы жобаларды іске асырудың әсері жылына қосымша төрт млрд теңгенің өнімін өндіруге, бөлшек тауар айналымын 1,5 млрд теңгеге ұлғайтуға, өнім экспортын 2 млрд теңгеге ұлғайтуға, бес жүзден астам жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға және жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 7,1 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвестицияларды тарту үшін біз 2024-2026 жылдары аяқталатын жобалар бойынша жұмыстарды биыл бастап кеттік. 2026 жылға дейін барлығы 353,5 млрд теңге сомасына жиырма жоба іске асырылатын болады. Қала бойынша өндірісті жаңартуға, реконструкциялауға, кеңейтуге, сауда нүктелерін ашуға, қызмет көрсетуге және т.б. бағытталған отыздан астам шағын жоба іске асырылатынын атап өткім келеді. Сондай-ақ, жеке инвестициялар тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік салаларға бағытталатынын айта кету керек, – деді В. Ионенко.
Аймақ басшысы Рудный қаласының инвестициялық әлеуеті анағұрлым жоғары болу керектігін қадап айтты. Мәселен, мемлекеттің бизнеске қолдауы бола тұра,биылға жоспарланған 14 жоба бойынша құрылатын жұмыс орындары айтарлықтай көп емес.
– Өнім өндіру жобасының саны бар болғаны бесеу ғана. Әрі олар бизнесті кеңейту немесе қайта жаңғырту жобалары. Жаңа кәсіпорындар жоқ. Инвестиция құрылымына қарасақ, соңғы үш жылдағы құйылған қаражаттың алпыс пайыздан астамы тау-кен өндірісіне, үш пайызы қайта өңдеу саласына тиесілі. Осы жағын ретке келтіру керек, – деді Қ.Ақсақалов.