Жол жөндеуге жаңа технология енгізбек

Қостанай қаласының көлік жолдарына жаңа бетондар төселмек. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңесте Қостанай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) техникалық қадағалау бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржас Қойшыбаев мәлімдеді.
Биылғы жылы қаладағы 85 көше жөнделеді. Бұған 7 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.Лисаковск жолдарыыы!
– Әзірге қала көшелеріндегі ойдым-ойдым көлік жолдарына бүтіндеу жұмыстары жүргізілуде. Баймағамбетов, Таран көшелеріне жартылай жөндеу жұмысы басталып та кетті. Күрделі жөндеуден өтетін көшелерге содан соң кірісеміз. Бұл нысандарға 3 мердігер ғана тартылды. Әрине, жұмыс көлемі көп. Екі мердігер өздерінің жауапсыздығынан қалды. Әлі де ірі фирмаларды тарту ойда бар,– деді техникалық қадағалау бөлімінің маманы.
Дәл осы тұста кеңес мүшелері қаладағы көлік жолдарына жөндеу жұмысына бақылаудың жоқтығына наразылық білдірді.
– Қазіргі уақытта тек қана қаладағы емес ауданаралық жолдардың жағдайы да мәз емес. Өңір бойынша статистика 80%-ға жуық жол жөндеу күтіп отырғанын айтады. Бұл дегеніңіз – едәуір көрсеткіш. Ал, енді қала орталығына оралсақ, былтырғы жылы жасалған еңбек биыл тағы еш кетті. Бұған кім кінәлі? Бақылаудың болмағаны ма?
– Мұның басты себебі – қыстың құбылмалы болуы. Жаңбыр жауып, аяз қысқанда асфальт тез бұзылып кетті,– деп, Нұржас Қойшыбаев ақталғандай кейіп танытты. – Сондай-ақ, қала көшелеріне өткен жылы 25% ғана жөндеу жүргізілді. Бұл да кері әсерін тигізуі ғажап емес. Биыл осы олқылықты қайталамау үшін жолдың сапасына басты назар аударып отырмыз. Канаданың ауа райы бізге ұқсас. Сондықтан сол елдің технологиясын пайдаланбақпыз.
Бірақ қаншама рет айтса да, кеңес мүшелері есеп беріп отырған маманның сөзіне сеніңкіремеді.
– Қызық екен. Бұл жерде жолдың сапасына жаңбыр мен аяздың не қатысы бар? Түк түсінбедім. Ауа райының қолайсыздығы бұрындары да болып жүрген қалыпты жайт емес пе?! Кейде бұдан да сорақысын көрдік… Жолдың сапасына кім жауапты? Сапасыз жолға олар жауаптарын алды ма? Сіз одан да соны айтсаңыз,- деді мемлекеттік қызмет ардагері Вера Семенова.
– Айтуыңыз орынды. Толық келісемін. Кейбір мердігерлер жазасын алды. «Аяз» ЖШС лицензиясынан қағылды. «ВАН» ЖШС 1 млн. 200 мың теңге айыппұл төледі,– деп Нұржас Қойшыбаев кеңес мүшелерін біраз жайдан хабардар етті.
Ал, кеңес мүшесі, педагог, ақын  Александра Суслова қала көркі жыл сайын түрсізденіп бара жатқанын, көшелердің таза еместігін, көліктің көптігінен шаң-тозаң көбейіп кеткенін айтты. Ертеректе көше сыпырылатынын, су бүркейтін көліктер шаң-тозаңдарды болдырмайтынын жеткізді.
Бұған ТКШ маманы алдағы уақытта арнайы техникаларды алу қарастырылып жатқанын, кеңес мүшелері айтқан ескертпелерге немқұрайлық танытпайтынын айтып сендірді.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓