Тасқынға тас-түйін дайын

Бүгінде Қостанай ауданы аумағында көктемгі су тасқынан зардап шегу ықтималдығы жоғары он елді мекен бар. Қауіптің алдын алу үшін тиісті шаралар қазірден белсенді жүргізіліп жатыр.
Күннің күрт жылынуы, қардың жылдам еруі, жауын-шашынның көбеюі елді мекендерді су басып, жолдарды бұзып, коммуникациялық жүйелерге нұқсан келтіруі мүмкін. Қазір қарғын су 140 үйге қатер төндіріп тұр, 435 адам жапа шегуі ықтимал. Сондықтан төтенше жағдайды болдырмау мақсатымен жергілікті атқарушы органдар қазірден қам жасау үстінде.
«Қазір 5140 дана ыдыс-қап, 450 тонна инертті материалдар (құм, қиыршық тас), 21 тонна жанар-жағар май, 24 мотопомпа әзірленіп қойылды. Азық-түлікпен қамсыздандыру жөнінде алдын ала 16 келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ, техникамен (жүзу құралдарымен) қамтамасыз ету тұрғысында 13, үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру үшін 10 келісім-шартқа қол қойылды», – деп түсіндірді аудандық Төтенше жағдай бөлімі мамандары.
Оқыс жағдай бола қалған күнде тасқын салдарымен күресуге 39 адам, 44 техника даярланып қойылған. Тасқынға қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, құрамында 51 адам, 14 техникасы бар жедел әрекет ету жасағы құрылды. 1080 адам сыятын 34 қауіпсіз аймақ әзір тұр. Аудан әкімдігі төтенше жағдайды ескерту және қауіпті жою үшін 4,5 млн теңге қарастырып отыр. Сонымен қатар, кезек күттірмейтін шығындар үшін қосымша 22 млн теңге резервке қойылыпты.
«7-9 ақпанда жергілікті атқарушы органдар мен ТЖБ өкілдері ауылдық округтерде дайындық шараларын өткізді. Техника мен мотопомпалар, инерттік материалдар мен ыдыс-қаптар тексерілді. Жетіспеушілік байқалатын елді мекендердің басшыларына ескертулер жасалды. 13 ақпанда аудан әкімі Ж.Тәукеновтің төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Қар шығару, су жіберу құбырларын тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр», – деп тәптіштеді бөлім мамандары.
Мамандардың айтуынша, әдетте жыл сайын су тасқыны қаупі наурыз айының орта шені мен сәуірдің соңына дейін күшейеді. Уақытылы қам жасау арқылы ғана қатердің алдын алуға болады.
 
Сурет интернеттен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓