Иесіз иттер мазаны қашырды
Қарабалық кентінің тұрғындары көшелерде иесіз иттердің қаптап кеткеніне шағым айтып отыр.
Жергілікті халық қаңғыған иттер шоғыры өтімді-кетімді адамға, балаларға шаба ма деп қауіптенеді. Олар көшелердің қалтарыс-бұлтарыстарын торлаған бұралқыларды бейнекамераға түсіріп алып, күн сайын әлеуметтік желілерге жариялауда. Оқыс жағдай болмай тұрып, осы мәселе шешімін тапса екен дейді.
«Бұдан кейін қайда шағымданарымызды білмейміз. Қашанғы үреймен өмір сүрер екенбіз? Ауыл әкімдігіне жүгініп едік, ветстанцияға жіберді, ал олар қайтадан әкімдікке бағыттады. Иттер күн санап көбейіп барады. Олар өтуге жол бермей, абалап қарсы шабады. Балаларымыз мектепке баруға қорқатын болды. Қайтсек болады? Бұл мәселені кім шешеді? Әлде қайғылы жағдайдың болғанын күтеміз бе?» – деп уәж айтып отыр тұрғындар.
Олардың айтуынша, иттердің көбінің иесі бар екені анық. Демек, бұл мәселеге тәртіп сақшылары да араласуы қажет. Бірақ, бұл мәселе жөнінде әкімдік өкілдерінен де, ветеринарлардан да, жергілікті полицейлерден де әзірге жауап ала алмадық. Бір анығы, Қарабалық – иесіз жануарларды қамайтын, уақытша ұстайтын нысан салынбаған елді мекендер қатарында.