Сүт бұлағын селдеткен

Елбасы қол қойған «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада»  ұсақ және орта шаруашылықтарды кооперацияға біріктіруге баса маңыз берілген.
Жалпы, ұжымдасудың халыққа берер пайдасы қандай?  Айтайық.IMG_3333Мәселен, ел бюджетінің сүбелі бір бөлігі  өңірлерге бөлінеді. Президенттің өзі  сол қомақты  қаржыны  үнемді жұмсау мәселесін айтты. Қазына ақшасын ұқыпты ұқсатудың бір жолы – аймақтарда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Қарапайым ауыл тұрғындары үшін аса тиімді жоба ағымдағы төрт  жылдың бедерінде жүзеге аспақ.
Жалпы, елімізде ауылдық өндірістік кооперативтері құрыла бастағанына екі жыл болды.  Қолда бар деректерге сүйенсек, былтырдың  өзінде 15 мың жеке шаруашылықтың басын біріктірген 157 кооператив құрылыпты. Оның ішінде 100-ден астам сүт қабылдау пункті мен 7 мыңнан астам бордақылау алаңы салынған.  Үстіміздегі жылы  тағы 410 кооператив құрылмақ. 
Бірігу – алдыңғы кезекте ішкі нарықтағы азық-түліктің сапасын арттырып, бағасын тұрақтандырады. Одан әрі жергілікті өнімнің экспортық әлеуетін көтеруге ықпал етпек.
Биыл  облыста  ауылшаруашылығы кооперативтерінің санын 17-ге жеткізу жоспарланып отыр. Әзірге  соның алтауы өз жұмысын бастады.IMG_3291Мәселен, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  мемлекеттік «Ырыс» бағдарламасы арқылы «Успенов-Сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне 72 млн теңгедей жеңілдетілген несие беріп, соның арқасында ауылдағы 36 адам бір кооперативке біріккен-тұғын.  Қазір олардың қатары 300-ден асқан. Ауыл тұрғындары  мемлекеттік бағдарлама есебінен мал басын көбейтті. Яғни, бас-аяғы 203 қара мал алды. Сүт сақтайтын салқындатқыш қондырғылар, сүттің майлылығын өлшейтін, тазалығын, сапасын тексеретін аппарат, сиымдылығы төрт тонналық сүт тасымалдайтын «ГАЗ 3309» көлігін сатып алды. Ол 8,6 млн теңге тұрады. Оның үстіне ауыл орталығынан 2,5 мың тонналық модульді сүт қабылдайтын пункт бой көтерді.      IMG_3272-Мемлекеттік «Ырыс» бағдарламасы  мені өте қызықтырды. Сондықтан, уақытты созбай аудан әкімдігімен бірлесіп біз Успеновка ауылының тұрғындарымен жиын өткіздік. Онда жергілікті тұрғындарға ауылшаруашылығы кооперативтерін құру, оның тиімді жолдарын жан-жақты түсіндірген едік. Құдайға шүкір, бастамасы жаман емес,-дейді «Успенов-Сүт» ауылшаруашылығы кооперативінің төрағасы  Иван Черванюк.IMG_3246Сәуір айынан бастап Успенов ауылының Воронеж ауылдық округіне қарайтын басқа да  ауылдардың кооперативке мүше болып кірген тұрғындарынан сүт жинау басталды. Бүгінде кооперативке мүше әр отбасы күніне 70-80 литр сүт тапсырады.
Успенов ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан елдімекен. Дәл қасынан Алматы-Екатеринбург тас жолы өтеді. Мұндағы тұрғындар қашаннан мал ұстап, соның игілігін көріп келеді.Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде ауылға Монғолиядан біраз қандастарымыз қоныс аударды. Қазір олардың да қолында қыруар мал бар. Алайда, оның пайдасы шамалы-тын.  Бар кілтипан – ет пен сүт бағасының тым төмендігі. Сауған сүттің бір литрін  55-ақ  теңгеден өткізеді. Жаздың күндері  өнім  молайған кезде алыпсатарлар сүттің де, еттің де бағасын түсіріп жібереді.IMG_3297Бәкір Әлиев – шаруаға епті кісі. Қолындағы азын-аулақ малын семіртеді, етін сатып күнелтеді. Бірақ, күнде-күнде тұтынушы табыла бере ме?
Сүт өндіретін кооператив ашылады дегенде алдымен қуанғандардың бірі осы Бәкең еді. Қолында сауып, сүтін өткізіп отырған бес сиыры бар-тын. Соған бір  миллион теңге несие алып,  тағы бес  сауын сиыр сатып алды. Қорасын кеңейтті. Шағын сүт сауатын аппараты болатын. Жөппөлдемеде ол да кәдеге жарай кетті. Сауылған сүтті күнде таңертең кооперативтің машинасы келіп алып кетеді. Сөйтіп, бұл күніге 4 бак сүт тапсырып отыр.IMG_3303-Ауылды жерде тұрған соң, мал бағудың қыр-сырын білеміз ғой. Оның да өз машақаты бар. Кооперативке кіруге бірден  келістім. Қазір сүттің литрін 100 теңгеден қабылдайды. Сонда ай сайын 120 мың теңгедей ақша аламын. Алған несиені өтеуге екі жылға жеңілдік жасалған. Біз сияқты қарапайым жандарға бұдан артық көмек бола ма,- дейді Бәкір Әлиев.
Ауылшаруашылық  кооперативі арқылы шаруасын түзеп алған жалғыз бұл ғана емес, успеновтіктердің дені пайдалы іске бет бұрған.  Бүгінде ауылдағы ағайын сүтті неғұрлым көп өткізсе, соғырлым табыс табатынын түсінді. Ең бастысы, оған мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасала бастады.
IMG_3314– Қарапайым тұрғындар үшін бағдарламаның тиімділігі өте зор. Былтыр облыста ет бағытында үш, сүт бағытындағы үш  кооператив құрылып, қанатқақты жоба қолға алынды. Оған 397 миллион теңге жұмсадық. 300-дің сыртында адам бізден 6%-пен несие алды. Негізі, бағдарламаның пайдасын ауыл тұрғындары түсінді. Мемлекеттің көмегін сезіне бастады, кооперативтің жақсы жоба екенін біліп отыр, – деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Марат Салықбаев. IMG_3371Федоров ауданының әкімі Тәубе Исабаев кооперативтің болашағынан зор үміт күтеді.  Өйткені, қазірдің өзінде ортақ ұжымға біріккен үйлерге  ай сайын табыс кіріп отыр. 
IMG_3394-Кооператив ауылдағы ағайынның  бірқатар мәселелерін шешеді. Алдымен жұмыссыздық жойылады. Сосын кооперативке мүшелер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі де, салығын, медициналық сақтандыруды төлеп отырады. Үйге белгілі бір мөлшерде  табыс кірген соң, тұрмыс деңгейі де жақсарады, – деді аудан басшысы.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
                                                                                     Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓