«БОТАҚАНЫМ» БАЙҚАУЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Құрметті оқырман! 
"Қостанай таңы" облыстық газетінің ресми сайты жариялаған дәстүрлі жоба – "Ботақаным" фотобайқауы жалғасын табатынын хабарлаймыз. 

 
Балалық – кез келген адамның ғұмырындағы ең шуақты, ең шырынды шақ. Ал өмірдегі ең ғажайып көрініс – баланың риясыз күлкісі, балдай тәтті қылығы, бейқам еркелігі. Ендеше, періштедей нәрестенің, былдыр тілді бөбектің немесе бастауыш мектеп жасындағы бүлдіршіннің сәтті түскен суреттерін бізбен бөлісуге тағы да мүмкіндігіңіз туды. Оның үстіне, көп ішінен үздік атанып, жүлдеге ие бола аласыз! 
 
Бұл жолғы байқауды 8 наурыз – Аналар мейрамына арнағымыз келеді. Яғни 8 жасқа дейінгі балалардың аналарымен түскен суреттерін қабылдап, үздіктерін сарапқа салатын боламыз. 
 
Шарт бойынша, байқауға облыс тұрғындары ғана қатыса алады. Ең әуелі сапаға мән беріледі, әр кадр "сәби салған суреттей" шынайы, тосын түсірілген, тартымды болуы тиіс. Ана мен бала арасындағы махаббат пен мейірімнің лебі сезіліп тұрса, ол көрермен тарапынан да жақсы бағаланып жатса, ондай суреттер қазылар қаперіне алыналды. Көп дегенде 5 материал қабылданады. Қатысушыларға қойылар талап – сурет кейіпкерінің толық аты-жөні, жасы, тұрғылықты мекенжайы көрсетілуі тиіс және мүмкіндігінше баланың мінездемесі, қабілеті туралы мәліметтер берілсе құба-құп. Сонымен қатар, суретті жолдаушы да өзі туралы деректер қалдыруы қажет. Байланыс нөмірлеріңізді көрсетуді де ұмытпағайсыздар. 
 
Үздік шыққан үш қатысушыға жүлде тағайындалады. Сондай-ақ, көрермен көзайымына айналып, қаралым, таралым жағынан жақсы нәтиже көрсеткен сурет иелеріне де арнайы жүлде бар. Байқау аяқталғаннан кейін жүлдегер суреттер «Қостанай таңы» газетіне де жарияланады.
 
Материалдар 2023 жылдың 10 ақпанынан бастап, 5 наурызға дейін 8 771 213 72 02 нөмірінің "WhatsАpp" желісі арқылы қабылданады. 
Байқау демеушілері – «Шаңырақ» ұлттық киімдер мен кәдесыйлар бутигі, «Қазақстан» кинотеатры және І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓