Қостанайда еркін күрестен республикалық турнир өтіп жатыр
Қостанайда еркін күрестің негізін қалаушылардың бірі Петр Матущакты еске алуға арналған ХІХ республикалық турнир басталды. Жарысқа 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер қатысып жатыр. Турнирде еліміздің 17 өңірінен келген 300-ден аса спортшы күш сынайды.
Турнирдің бас төрешісі Орынбек Балаған спортшылардың алғашқы легі жақсы күрескенін айтады. Бұл жарысқа ол Солтүстік Қазақстан облысынан келген.
Турнирдің бас төрешісі Орынбек Балаған спортшылардың алғашқы легі жақсы күрескенін айтады. Бұл жарысқа ол Солтүстік Қазақстан облысынан келген.

Жарысқа Қостанай облысынан 9 аудан спортшы алып келген. Еркін күрестен аға бапкер Кәрісбек Махамбетовтің айтуынша, өзге аудандарда да күрес үйірмелерін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Рудный қаласындағы спорт мектебінде 160 спортшы жаттығады. Бүгінгі күреске салмақ дәрежесі бойынша іріктеуден өткен 8 балуан қатысып отыр.
– Шәкірттерімнің аяқ алысы жаман емес. Қазір ғана бір шәкіртім қарсыласын жеңді. Финалға өту үшін әлі 3 балуанмен кездесуі керек. Сенемін. Ұтып келе жатыр, – дейді жаттықтырушы Жанғали Нұрмаханбет.

– Рудныйдағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектепте 9-сынып оқимын. Еркін күреске әкем баулыды, өйткені ол да күреспен айналысқан. Өткен жылы дәл осы турнирде қарсыласыма есе жіберіп алдым. Бүгін ұттым. Финалға шығып, жүлдегер атанамын деген сенім мол, – дейді жас балуан Еркін Хайбуллаев.
Турнирге жалпы 213 ұл, 94 қыз қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша күреседі. Жарыс жеңімпаздары ертең, яғни, 11 ақпанда анықталады.
Сералы МЫРЗАБАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.