Жол жөндеу қаражаты 1,3 есе көп

Биыл жол саласындағы жақсартуға барлық бағдарлама бойынша қазынадан 37,3 млрд теңге бөлініп отыр.Бұл қаражатқа облыстық, аудандық маңызы бар 461 шақырым жол жөндеу жоспарлануда. Мұның 261 шақырымы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Жалпы, бағытты трансферттерге 20,8 млрд теңге қарастырылған. Жоспарланған 461 шақырым жолдың 382-сіне асфальттап, қалғанына қиыршық тас төселеді. Аймақ әкімдігінде өткен алқа жиынында облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев осы және өзге де жоспарланған жұмыстар жайында баяндады.
– Осы жылы бағдарлама аясында облыстық маңызы бар Ресей Федерациясына шығатын шекарадағы Әйет–Варварин жол учаскесін қайта жаңғырту ірі жобасы аяқталады. Оның жалпы құны үш млрд теңге. Жөндеу жұмыстарынан кейін жол сапасы техникалық жағынан үшінші категорияға көтеріліп, өңірдің көлік-логистикалық қуаты артпақ. Сондай-ақ, биыл облыс орталығын оңтүстік аудандармен жалғастыратын жолдың «Әулиекөл-Жалдама» бағытындағы соңғы учаске – 50 шақырым аумақты жөндеу тәмамдалады, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, биыл талай жыл мазаны кетірген, су шайып кете беретін «Сарыкөл – Большие Дубравы» автожолының екі шақырымы жөнделеді. Онда су өткізгіш құбырлар орнатылып, бермаларды сығу жұмыстары жүргізіледі, сонымен қатар топырақты толтыру арқылы нысанның жол корпусы көтерілмек.
– Биыл жол желісін жөндеуге 16,5 млрд теңге қарастырылған, бұл елді мекендердегі 278 көше учаскесін жөндеуге мүмкіндік береді.«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 57 елді мекеннің 118 көшесінде 6,1 млрд теңгеге құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары  ауылдық елді мекенді қамтиды. Жылдың соңында бөлінген қаражатты ескере отырып, елді мекендер көшелерінің жағдайы 49%-дан 54%-ға дейін жақсарады, – деді О.Нұрғалиев.
Басқарма басшысы мердігерлерге жол жөндеу маусымы басталмай тұрып, құрылыс материалдарын 70 пайызға дейін дайындап алуын ескертті.
– Биыл республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар барлық жолдарды жөндеуге 50,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл былтырға қарағанда, 1,3 есеге артық. Сол себепті, мердігер компаниялар осы бастан әсіресе, битум, цементті дайындап қою керек. Былтырғы жылы дәл жол жөндеу маусымы басталарда битум қымбаттап кетіп еді. Қазір оның бағасы тоннасына 130 мың теңге. Әлде жазда 240-250 мыңға көтерілгенін күтіп отырамыз ба? Бүгінгі таңда битумның 38, ал цементтің 22 пайызы ғана дайын. Бізге 982 мың тонна асфальт-бетон қоспасын әзірлеу керек. 59 мың тонна битум керек. Сол себепті, қазірден бастап арзан бағаға материалдар сатып алып, оларға қосымша қоймалар іздестіріңіздер. Осы жұмысты үйлестіруді жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасына тапсырамын, – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Өңір әкімі сонымен қатар, бірқатар кемшіліктерге де тоқталды. Былтыр Арқалық-Ашутасты-Шиелі жолының орташа жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаған. Ал Бейімбет Майлин ауданының Увальный және Меңдіқара ауданының Теңіз ауылдарына кіреберістері, Науырзым ауданының Өлеңді-Буревестник ауылдары арасындағы жұмыстар сапасыз атқарылған. Бұл жергілікті атқарушы органдардың бақылауға сылбыр қарағандығын көрсетеді деді аймақ басшысы.Ал әбден талқаны шыққан Арқалық-Державин тас жолының Қостанай облысы аумағын биылдан қалдырмай аяқтауды қадап тапсырды. Бұл мәселе министрлікпен келісілген. Тек жұмыс нәтижелі болуы тиіс. Бұдан бөлек, Қостанай мен Петропавл жолы бойындағы Ұзынкөл ауданының Троебрат елді мекені аумағындағы 62 шақырым, Сарыкөл-Дубинка аралығындағы жол да кезек күттірмеу керек.
– Айрықша ескеретін жайт, жол жөнделген кезде оның инфрақұрылымдық жағдайы да жақсы болу қажет. Мәселен, қаланың кіреберістеріндегі сары түсті жарықшамдарды жарқырап тұратын шамдарға ауыстырған жөн. Сығырайған шамдар жарықты өте нашар шашады. Жанармай құю бекеттері де жоғары сапалы, дәретханалары іште болғаны дұрыс. Үлгіні «Qazaq Oil» жанармай құю стансасынан алыңыздар, – деді Қ.Ақсақалов.
«KST Trade» серіктестігі былтыр Амантоғай ауылындағы жолдың қиылысынан жанармай құю стансасын салуға бір гектар жер алған екен. Бірақ бекет құрылысы әлі басталмапты. Жиынға онлайн қосылған Аманкелді ауданының әкімі Талғат Кәрбозов серіктестік басшысынан осы жұмысты жеделдетуін сұрады.
Қыдырбек Қиысхан
Cуреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓