Косметология да кәделі кәсіп

Мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Заман өзгерген сайын адам да жетіліп отырады. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар мен мамандықтар келе бастады. Соның бірі – косметолог мамандығы. Косметология қазір сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Себебі, косметолог – тән сұлулығының шебері. Дариға Әлімжанқызы – осы мамандықты шебер игерген жастың бірі.
«Қазіргі уақытта мен Қарағанды медициналық университетінде білім алудамын. Косметолог мамандығы бойынша жұмыс атқаруды алғаш рет 2020 жылы бастаған едім. Бастапқыда массаждық қызметпен айналыстым, себебі бұл жұмысқа инвестиция аз құйылатын. Кейін короновирус індетіне байланысты карантин режимі енгізілген кезде уақытты бос өткізбеу үшін жеке кәсіппен айналысуға бел будым. Қазіргі таңда мен Қостанай және Қарағанды қалаларында жұмыс істеу үстіндемін. Қарағанды өңірінде оқумен қатар жұмысты да тең алып жүремін, ал демалыс кездерінде Қостанай өңірінде жұмысты жалғастырамын. 3 ай көлемінде жұмыс атқарып, "Инстаграм" әлеуметтік желісінде жеке парақша ашып, адамдарды қабылдаймын»,- дейді косметолог маман Дариға.
Косметолог – адам терісіне күтім жасау және бет терісін жақсарту үшін қызмет көрсететін маман. Оның міндеттеріне әртүрлі аппараттық процедураларды, пилингтерді, массаждарды, инъекцияларды және науқастың жағдайын жақсартуға немесе терісін емдеуге бағытталған басқа да әрекеттерді орындау кіреді. Сондықтан косметологтың біліктілігі маңызды рөл ойнайды.
« Әр мамандықтың өзіндік қиындығы, оң және теріс жақтары баршылық. Бұл саланың оң жақтарына тоқталсақ, әлгінде айтып өткенімдей, өзім жеке жұмыс істегендіктен, жеке күн тәртібім бар және өздігіммен табыс таба аламын. Сондай-ақ, қалаған уақытта көпшілік қауымға көмегімді ұсына аламын. Ал теріс жақтарына келсек, ең бастысы, бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді әрі бәсекелестік көп болғандықтан, үнемі шеберлігіңді шыңдап отыруың қажет»,-дейді маман.
Кез келген асқынуларды немесе аллергиялық реакцияларды болдырмау үшін, өз жұмысын толыққанды білетін косметологтың медициналық білімі бар екенін ескеру маңызды. Адамның денсаулығына деген зор жауапкершілікті жұмыстың алғашқы күндерінен-ақ сезіну керек.
« Қазіргі озық технологиялар дамыған заманда косметолог мамандығы үлкен сұранысқа ие. Жыл сайын жаңа аппараттық техникалар пайда болып жатыр. Адамның бет-бейнесін әдемілеудің де жаңа технологиялары жетілу үстінде. Бұл мамандық енді ғана дамып келеді, сондықтан да мен осы саланы таңдадым. Болашақта бұл кәсібім үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдемін. Қазіргі уақытта оқуға көбірек ден қойып жүрмін, ал кейін жеке кабинет және емхана ашу жоспарда бар»,- деп ойын айтты Дариға.
Дильназ Изделюева,
3-курс

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓