Бұрынғы ауыл әкіміне арналды
Сарыкөл ауданында Чехов ауылының төрт жылға жуық уақыт бұрын дүние салған бұрынғы әкімі Мәулет Құлыбековті еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир өтті.
Жарысқа 4 команда қатысты. Олардың ішінде Ұзынкөл ауданының құрамасы да болды. Ашылу сәтінде Мәулет Базарбайұлының жұбайы Балы Құлыбекова мен қызы Әсем Баирова сөз сөйледі. Турнирдің басты демеушісі «Елсан-Агро» ЖШС-нің басшысы Тұрсынбай Садуақасов та жүрекжарды лебізін жеткізді. Сонымен қатар, бұл іс-шараға қатысқан марқұмның туыстары мен ауылдастары да Мәулет Құлыбековтің халыққа қарапайым қалпымен, қадірлі ісімен сыйлы бола білген жан екенін еске алды.
Турнир қорытындысында,бірінші орынды Ұзынкөл ауданы жеңіп алса, екінші орынды Сарыкөл кентінің командасы еншіледі. Үшінші орын да сарыкөлдік «Намыс» командасына бұйырды. Жарыс соңында түрлі номинация бойынша үздік ойыншылар марапатталды.
Айта кетейік, Маулет Базарбайұлы 1958 жылы 7 қыркүйекте өмірге келіп, 2019 жылдың сәуірі айында дүниеден өтті. Ол 1976 жылы еңбек жолын Чехов ауылында слесарь болып бастаған. 1977-1979 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Содан кейін түрлі салада тер төгіп, өзінің жеке ісін де ашты. 1997-2004 жылдары «Құлыбеков МБ» ШҚ басшысы болып істеді. Ал, 2005 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Чехов ауылының әкімі лауазымы қызметін атқарды.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы