Үйірме жұмысын қалай жақсартамыз?

Кейінгі жылдары құрлықтық, әлемдік додаларда ел спортшыларының үлес салмағын арттыру қолға алынуда. Ол үшін резервтік жиындардың жұмысын өңірлерде жетілдіруге баса назар аударылып жатыр. Оның алғашқы қадамы жасөспірімдердің тегін үйірмелерінен бастау алатынын білеміз. Бүгінде осы жұмыстардың қалай жүзеге асып жатқанын облыстық спорт басқармасының әдіскері Анастасия Кайда айтып берді.
– Спорт үйірмелерінің қазіргі  жағдайына тоқталсаңыз. 
-Қазіргі уақытта Қостанай облысындағы artsport.edu.kz порталында спорттың 17 түрінен үйірмелердің жұмысын ұйымдастыратын 76 жеткізуші бар. Олар каратэ, таэквондо, теннис, дзюдо, гимнастика, шахмат, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, футбол, футзал, волейбол, баскетбол, спорттық би, үстел теннисі, жүзу үйірмелерінің жұмыстарын үйлестіріп отырады. 
               
 –Қатысушылардың саны көбейіп жатыр ма?
– Спорттық тапсырысты орындау жұмыстары 2021 жылдың шілдесінде басталған болатын. Басында үйірме жұмыстарын ұйымдастыру ең танымал шахмат, бокс, футбол, волейбол және еркін күрес спорт түрлерімен іске асты. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінде мемлекеттік тапсырысты орындау барысы облыстың Науырзым, Қамысты аудандарынан басқа 17 аумағын қамтып отыр. Спорт түрлерінің саны 17-ге жетіп отырғанын жоғарыда айттық. Қатысушылардың саны да күн санап ұлғайып жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2023 жылы 6500 баланы қамтуға 1 миллиард 130 миллион теңге бөлінді.
Осы жерде айта кету керек, жеткізушілер оқу-жаттығу жұмыстарын жүзеге асыруға спорттың шығындарды өтеуге қолайлы жазғы түрлерін таңдайды (шахмат, бокс, футбол, волейболды). Бүгінде бірде-бір жеткізуші қысқы спорт түрлерін, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған үйірмелерді ұйымдастыруға міндеттеме алмай отыр.
              
– Осы сөзіңізді толықтыра кетсеңіз, қысқы спорт үйірмелерін жаңғыртуға  неге көзқарас басқаша?
– Оның себебін айтайын, өйткені жазғы спорт түрлерін ұйымдастыру қолайлы. Мысалы, сол жаз айларында шаңғы спортынан дайындықты қайда өткізуге болады? Ондай жағдай өңірімізде жасалмаған. Мұндай үзілістерді жаттығу жұмыстары көтермейді. Оның үстіне қысқы спорт түрлерінің заттарын сатып алу қымбатқа түседі. Жиырма волейбол добынан гөрі жиырма жұп шаңғы сатып алу жеткізушілер үшін де тиімсіз.
 
Бұл жұмыстарды жақсарту үшін не істеу керек?
– Мемлекеттік спорт тапсырысының орындалуын жақсарту үшін ақпараттық жүйені орталық мемлекеттік органның балансына беру қажет. Платформа Республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығарылуы керек.
              
– Тағы бір әңгімеңізде Науырзым, Қамысты аудандарында бұл игі іс қолға алынбай тұрғанын айтып кеттіңіз. Алдағы уақытта ол шара жүзеге асырыла ма?
– Ертең бола қояды деп бұл туралы айту қиындау. Ол жақтарда жаттығу жұмыстарын жүргізетін арнайы орындар қарастырылмаған. Облыс және жергілікті  билік осы жайлы ескерер деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!      
 
 
Айбек Ғалымұлы
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓