«Қазақ» газетіне 110 жыл
Ұлт басылымдарының атасы, тұңғыш демократиялық, саяси-қоғамдық басылым – «Қазақ» газетінің шыға бастағанына 110 жыл толды. Таяуда Алматыда Ұлттық Орталық кітапханада осы саяси шараға арналған «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» аты конференция болып өтті. Оны Қазақста Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Қанат Жұмабайұлы салтанатты түрде ашып, негізгі баяндама жасау үшін сөзді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдинге берді. Конференцияда Ұлт зиялылары Сағынбай Қозыбаев, Әбдіжәміл Бәкір, Қангелді Әбжәнов, Бағдат Мусинова және тағы басқалар сөз сөйлеп, «Қазақ» газетінің қоғамдағы тарихи рөл жайлы келелі пікірлер айтты. Конференцияға арнайы шақырылған біздің жерлесіміз Қазақстанның Құрметті журналисі, Президенттік «Халық алғысы» медалінің иегері Серік Шайман да сөз сөйледі. Ол өз сөзінде кезінде большевиктердің теперішімен жабылып қалған «Қазақ» газетін 88 жылдан кейін қайтадан айналымға қосқан жерлесіміз, белгілі жазушы-баспагер марқұм Қоғабай Сәрсекеевтің ерен еңбегі жайлы айтты. Оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы университеттің жуналистика факультетінде Сәрсекеев аудиторясын ашып, Қазақстан журналистер одағын жыл сайын берілетін Сәрсекеев атындағы жүлдесін тағайындауды, тұрған үйіне ескерткіш тақта қоюды, Алматыда бір көшенің атын беруді ұсынды. Сонымен қатар, бұрынғы Қазақстан журналистер одағын қайтадан қалпына келтіру, оған мемлкеттік қолдау білдіру мәселесін сөз қылды. Жиналғандар бұл ұсыныстарды зор қошеметпен қостады.
Басқосуда «Қазақ» газетінің бірқатар қызметкері мен белсенді оқырмандарына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің наградалары тапсырылды. Белгілі журналист Серік Шайман баспасөз саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Жерлесімізді еңбегінің еленуімен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.