Тың бетбұрыс дұрыс жолда
Президентіміздің ел тізгінін ұстағаннан бергі кезеңге бөгенайлап қарап отырсақ, түбегейлі тың бетбұрысқа бастауы – 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында басталған еді. Онда бәрі айдан анық айтылды. Тіпті саяси модернизацияға айрықша басымдық берді. Әсіресе, халықпен ашық байланыс орнатуды жаңа кезеңге көтерудің маңызы зор болды. Ел азаматтары жемқорлықпен күресті мейлінше ашық әрі жариялы түрде жүргізуге ынталы еді.
Осы орайдағы саяси реформаның алғашқы қадамдары оң нәтиже берді. Мемлекетіміз бен қоғамның тәнін сүліктей сорған жемқорлардың қылмыстары ашық түрде аты аталып, түрі түстеліп айтыла басталды. Бұған митингілер туралы заңнаманы жетілдірудегі нақты қадамдардың, көппартиялықты одан әрі дамытудағы оңтайлы шешімдердің ықпалы болғаны анық. Сол сияқты ашығын айтайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде елдегі тереңдеп кеткен әлеуметтік теңсіздік хақында ел байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етеді деп мәлімдеуі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін конституциялық нормалар ресми түрде күшін жойғаны қоғамда көпшілік тарапынан қолдау тапты. Бұл саяси реформалардың жай бір декларация емес, нақты істен көрінетін ел үшін қам-қарекет екендігін тағы бір дәлелдеді. Міне, билік пен атқарушы органдар жүзеге асыра бастаған ауқымды істер жұртшылықтың көңілді күпті етіп, әбден қордаланып қалған көкейкесті мәселелерді үкіметке батыл да ашық жеткізуге ұмтылысын күшейе түсті.
Ел басшысының ауыл әкімдерінің сайлауы, парламенттегі әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы сынды саяси реформалар бірсәттік популистік акция емес екенін атап көрсетуінің мәні зор. Шынтуайтына келгенде, елімізде ұрпақтар сабақтығы үзіліп қалғаны қатты сезіліген болатын. Жігерлі де озық ойлы талантты жастар қоғамдық жұмыстан және саяси ортадан тыс қалды. Енді міне сең қозғалды, Ал алдағы сайлаудағы мажоритарлық жүйемен Мәжіліске халықтың шынайы қалаулыларының баруына жол ашылмақ. Мәжіліс төрінде тәуелсіз, ешқандай партияда емес депутаттар отырса, бұл шынайы демократияға бір табан жақындағандықтың айқын белгісі деп ойлаймын. Сондықтан да бұл сайлау таза, әділ, қоғам мүшелерін басым көпшілігін қанағаттандыратындай өтуі тиіс деуге негіз бар.
Президентіміздің тағы бір тегеурінді тапсырмасы әрі жүргізіп отырған саяси бір ұстанымы – тіл саясаты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында тілді дамыту мәселесіне айрықша мән беріп отырады. Егер біз өз қоғамымыздағы мызғымас келісімді орнатқымыз келсе, қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыруымыз керек дегені ел есінде. Бұның ұлттық қана емес, саяси мәні зор. Бірақ даңғазалыққа ұрынбай, байсалды да жүйелі жұмыс жүргізсек, көздеген мақсатқа қол жеткізуімізге болатынын үнемі ескертуде. Бұл орайда мемлекеттік тілді дамыту және кеңінен қанат жаю мақсатында мемлекеттік қызметкерлерден бастап, алқалы басқосулар, іс-шара жиындар, сот пен құқық қорғау органдары, бизнес, қаржы саласында қазақ тілін қолдану жанданып келеді. Бірақ, мойындауымыз керек, бұл орайдағы істер әлі мандырымды емес. Әсіресе, қалалық мектептерде мемлекеттік тілде оқытудың сапасына мән беретін кез келіп жетті. Өйткені, қазір тіл шұбарлаудың кейбір жайсыз көріністері осы төл тілдегі білім ордаларында байқалатыны ащы болса да шындық. Ендеше, мектептердегі білім беруді жетілдіру, жоғары оқу орындары жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі өмірден өз орнын табу үшін осы бастан саннан сапаға айрықша көңіл аударымыз керек.
Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес дегеніне шын жүректен қосыламын.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
Қостанай облыстық филиалының директоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген журналистика қайраткері