“Сәттің” шырқаған әндері Торғай елін ерекше тебірентті

DSCF7242Көпке танылып жүрген "Сәт" тобының сәтті қадамы киелі Торғай жерінен бастау алуының өзі зор қуаныш, мерейлі мәртебе. "Сәт" бұрын Азат, Тұрар, Сапарбай  деген зағип жiгiттерден құралған трио болатын. Гастрольдік сапармен ауданымызға келген қазақ эстрадасының жас әрі жарқын жұлдыздары "Сәт" тобының мүшелері Сапарбай Алтыбай мен Азат  Әбілдаев сәтті құрылған топтың 5 жылдық мерейтой қуаныштарын аудан тұрғындарымен бөлісіп, "Қош махаббат" атты шығармашылық концерттерін тарту етті.
Ән кешіне халық көп жиналды. Бұл кеш басқа кештерден өзгеше өтті. Концерттің ерекшелігі – сахнадағы арнайы экраннан топтағы үш баланың – Сапарбай, Азат және Тұрардың өміріне қатысты толық мағлұмат берілді.
Сахна төріне шығып, тамылжыта ән салған өнерлі зағип жандарға деген өнер сүйер қауымның қошеметі мен ықыласы шексіз. Көрермендер арасында отырған ақ жаулықты аналарымыздың жанарлары жасқа малынып, қамқорлық сезімдерін үздіксіз соғылған шапалақтың үнімен жеткізді.
Сапарбай мен Азат бұл ән кешінде аянып қалмады. Көз жанарлары қараңғылықтан басқаны көрмесе де әрбір әннің ырғағына сай билеген билері өздеріне жарасымды. Сапарбай бауырымыз қазақтың қара домбырасымен "Адай" күйін аса шебер-лікпен орындағанда, алдарында алақандай жайылған ақ қағаздағы нотаға қарап отырса да күй әуенінен ауытқып кететіндердің қасында садағасы кетсін деген ойға еріксіз бойладық. Көрермендердің де делебелері қозып, басында танытқан аяушылық се-зімдері ақ жауыннан кейін сейілген ақша бұлттай.
Ал Азаттың ән айтудан басқа да өнері бар екендігін Сапарбай жасырмады. Ақындық, сазгерлік қасиеті бар Азаттың болашағынан зор үміт күтуге әбден болады. Тек Алла тағала жар болсын деген тілек айтқымыз келеді.
Аудан әкімінің орынбасары Т.Әубәкіров пен "Оспанқожа әулие" мешітінің бас имамы А.Хасенов  бүгінгі ән кешінен алған әсерін сөзбен айтып жеткізе алмады. Тек жаратқаннан жақсылық болсын деп өнердің биік белестерінен көріне берулеріне тілектестіктерін білдіріп, өнер жолындағы шығармашылықтарына толағай табыстар тіледі.
Қарт ұстаз Қонақбай қажы ақ батасын беріп, қабыл болуын Алладан медет етті. Қимастықпен тарқаған аудан тұрғындары "Сәт" тобының мүшелерімен естелік суретке түсіп жатты.
Қиындыққа ешқашан мойыған емес. Еңселерін биік ұстайды. Армандары да бір. Жатса да, тұрса да Жаратқаннан "көзіміз ашылса" деп тілейді. Дүниенің жарық сәулесін көргісі келеді. Дәрігерлер түбегейлі диагноз қойғанымен, Құдайдың құдіретінен үміт үзген емес.  Жігіттер сахнаға әлі де қол ұстасып шығады, тек отбасылық жағдайына байланысты, үшінші бала – Тұрар бұл сәтті сапарға келе алмады. Өкінішті…
 Байбатыр  АХМЕТБЕКОВ.
 Жанкелдин ауданы.
Суретте:  "Сәт" тобы ән салуда.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓