Баға қашанғы құбылмақ?

Елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақталмай келеді. Қостанай облысындағы соңғы мәліметтерге сүйенсек, жыл басталғалы жуаның ғана бағасы 25,4 пайызға қымбаттап кеткен. Сүттің литрі де 28 теңгеге өсіпті. Жалпы, соңғы үш жылдың сараптамасы бағаның жыл санап салмақ қосып келе жатқанын көрсетіп отыр.
– Қазір 19 түрлі тауарға күн сайын мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар жыл басынан бері 0,8 пайызға қымбаттады. Оның ішінде жуа бағасы 25,4%, сүт 9%, орамжапырақ 4,2, рожки 3,3%, күріш 1,3% өскен, – дейді облыстық Статистика департаментінің жетекшісі Айбек Бауыржанов.
Бірақ Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы жағдайды үнемі бақылауда екенін, қымбатшылыққа қарсы көп жұмыс атқарылып жатқанын айтады. Басшы мәліметінше, қазір тұрақтандыру қорында 13 түрлі тауардың жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын 17 мың тонна қоры бар. Аудан-қала әкімдіктері осы қордан алатын өнім көлемін 2,5 есеге көбейте түскен. Оның үстіне «Тобыл» ӘКК азық-түліктің 12 түрін тұрақты бағада интервенциялау үстінде. Осы корпорацияның «айналым схемасы» бойынша 5 кәсіпорынға 1 701,2 млн теңге займдар берілген.
– «Тобыл» ӘКК қант бағасын тұрақтандыру үшін Көксу қант зауытымен 1,1 млрд теңгеге 2,4 мың тонна өнім сатып алу үшін келісім-шарт жасасты. Дәл осындай мақсатта 5200 тонна картоп, 1993 тонна сәбіз, 1389 тонна орамжапырақ және 500 тонна жуа сатып алды. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілермен 21 келісім жасалды, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаев.
Тұрақтандыру қорындағы жекелеген тауарлар запасының көлемі көңіл көншітпейді. Облыс әкімі қарақұмық пен күріш қорының аздығын сынға алды.
– Қарақұмық жармасының қоры бар болғаны 39 тонна. Бұл көктемге дейін жетпейтіні анық. Неге қазірден сатып алмайсыңдар? Көктемде арзандайды деп ойлайсыздар ма? Күріштің қоры 68 тонна екен. Әлде бұны сатып алу да сәуір-мамырда қалтаға жеңіл түседі деп отырсыздар ма? Неге бірден алмайсыңдар? Ақша бар емес пе! Осы мәселені біржақты етіңіздер, – деді Құмар Ақсақалов.
Басқарма басшысы бұл тұрғыда алаңдауға негіз жоқ екенін, тиісті келісім-шарттар жасалып қойғанын, қажет кезінде қор толықтырылатынын айтты. Қымбатшылық кезіндегі тиімді шараның бірі – азық-түлік жәрмеңкелерін жиі өткізу. Былтыр аудан-қала әкімдіктері ұзын саны 460 сауда-саттық іс-шарасын ұйымдастырған. 2,6 млрд теңгенің тауары нарықтағы бағадан арзанға сатылып, 2020 жылғыдан 3 есе асып түсіпті. Бірақ, керісінше, екі жыл бұрынғы көрсеткішті әлде қайда төмендетіп алған өңірлер бар. Амангелді, Қарабалық аудандарының және Рудный қаласының басшылары жәрмеңкені сиреткендері үшін ескерту естіді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көзбен көру үшін, қала тұрғындарының қымбатшылықты қаншалықты сезініп жатқанын білу мақсатымен облыс орталығындағы «Rauzet» супермаркетіне арнайы бардық. Көптеген тұтынушының пікірі бір жерден шықты. Оларды бағаның «жал сипатпай» бара жатқаны алаңдатады.
«Әлеуметтік» деп атайтын тауарлар бағасының өзі тұрақты емес. Күнделікті алатын азық-түлігіміз тиын санап өсіп жатыр. Жуаның да, сүттің де, макаронның да құны былтырғыдай емес. Әлеуметтік нан сөрелерде тамыз айынан бері жоқ. Мәселен, Петропавл облысында нан бағасы 76 теңге болғанда, біз 100 теңгеге сатып алып жүрдік. Қазір тіпті шарықтап кетті. Ел айтудай-ақ айтып жатыр, бірақ одан нәтиже көріп отырғанымыз жоқ. Газеттерді де оқып жүрміз, бұл мәселені қарық қылып көтеріп жатқан жоқ», – деп назын білдірді зейнеткер Лариса Плотникова.
Сауда нысанының қызметкерлері нан мен жұмыртқадан басқа әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің барлығы дерлік үнемі сауда сөресінен табылатынын айтып отыр. Ал құзырлы органдар мониторинг жұмыстарын жетілдіре түсуге ниетті. Атап айтқанда, дәстүрлі тексеру іс-шараларын фискалды деректер негізінде біртіндеп автоматтандырмақ. Бұл бағаны тіркеп отырудың жеделдігі мен оған қарсы қолданылатын амалдардың сапасын арттады деген сенім бар. 
 
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓