“Тобылға” не болып жүр?
(Жанкүйер ойы)
Ол уақытта "Тобыл" футбол командасының дүркіреп тұрған шағы-тын. Бірақ, сол командамыздың сыртта атойлап өзге аты шулы ұжымдардың торына дәл көздеп соққан доптарын көру мүмкіндігі жоқтың қасы. Туринирлік кестедегі жағдайды бақылау үшін сол күні(ойын ол жерде болмаса да) стадионға барушы едік. Бір ғажабы қашан барсаң да ығы-жығы табло тақтасына үңілген халық. Бастапқылары "Тобылдың" жеңісін тойлап та жататын. Бестен аз гол ұрса, команданы жерден алып, жерге салатын уақыт еді ол… Сол тұста команда тізгінін ұстаған Ақтөбенің бүгінгі бапкері Мұқанов болатын. Негізгі қарсыласы да сол Ақтөбе… Айта берсек, тарих көп, команданың жетістігі де, сүрінген тұстары да болды, әрине, тағы да Ақтөбенің тумасы құтқармағанда. Жоқ, бұл жолы бапкер ретінде емес, өңірдің әкімі ретінде – Архимед Бегежанұлы. Ол кісі келгелі жетінші орыннан аса алмай қалған "Тобылымыз" өрлеу сатысын басынан кешті. Кешті деуіміздің себебін сөз соңында айтуды жөн көрдік. Футболдың бүге-шүгесіне дейін бақылап жүретін өңір басшысының талабының арқасында "Тобыл" жақсы нәтижеге бас-аяғы екі жылда қол жеткізген болатын. Кезінде Ақтөбені баптаған Никитенконы әкелді. Ақтөбе, Астана, Атыраудың тіс қаққан ойыншыларын алдырды. "Тобыл" енді жетінші сатыны тарихқа жіберіп үздік төрттікке құлаш ұрды. Бапкер ізін жалғаған Марек Зуб, Владимир Газзаев, Григорий Бабаяндардың үлес салмағы жанкүйерлерді кезіндегі Мұқановтың көрсеткішімен қайта қауыштырып, ел чемпионы болуға сәл жетпей жүрді. Енді жоғарыда айтып өткеніміздей, "Тобыл" ол кісі келгелі өрлеу сатысын басынан кешті" деуіміздің себебін айта кетейік. Араға екі жыл салып "Тобылдың" бас бапкері Григорий Бабаян мырза ресейлік командаға ауысып кетті. Бар мәселе осыдан басталды. Одан кейінгі тағайындалған бапкер Александр Москаленконың нәтижесі көңіл көншіткенімен былтырғы кезеңмен салыстырғандағы ойын мәнері жанкүйерлер тарапынан сенімсіздік ұялатуда. Бапкер ретінде ойыншыларға қойылып жатқан талаптың аздығы көрер көзге жұпыны көрініп тұр. Сөйткен "Тобыл" сол Бабаян мырза әкелген тіс қаққан ойыншылардың бірқағарлығының арқасында чемпион болды. Қазіргі таңда ол ойыншылардың кейбіреулері командамен қош айтысты. УЭФА шешімімен футболдан екі жылға шеттетілген Руслан Валиуллинді қоспағанда,Жереми Манзорро, Тони Силва, талапшыл экс капитан Азат Нұрғалиевтің орындары ойсырап тұр. Соның салдары жуырда мәреге жеткен ел біріншілігінің бесінші турындағы нәтижесінде көрініп отыр. Былтыр тараудың аз-ақ алдында қалған Ордабасымен ойын 1 де 3 есебімен аяқталды. Осылай жанкүйер қауымның басты талабына айналып келе жатқан бапкер мәселесіне клуб жетекшілері көзжұмбайлық таныта берсе, алдағы лига чемпон кезеңінде Тобыл командасының жай-күйін елестете беріңіздер! Өңір басшысының алдында болған жағдай қайталанбасына кім кепіл?!
Рs. Жанкүйерлер тарапынан "Тобылдың" қазіргі жағдайында үміттен күдік басымырақ екенін айттық. Чемпионат барысында үш рет үйде, екі рет түзде өнер көрсетіп үлгерген команданың қонақта ойнауы көңіл көншітпей отыр. Бір жеңіліс, бір тең ойын. Бұл нені білдіреді десеңіз, бапкер жанкүйерлерсіз ойыншыларды жігерлендіруге қабілетсіз. Үйде команда жанкүйерлердің айқайымен мотивация алып отыр деген сөз. Сөз соңында айтарымыз, жоғары классикалық тәжірибелі ұжымға лайықты осы кемшіліктерді жоя алатын білікті бапкердің жеткіліксіздігі қол байлау болып тұр. Осы түйін орнымен шешіліп, "Тобыл" алда болатын еуро додаларда лайықты өнер көрсетсін деп тілейік!
А.Ғалымұлы