Қостанайлық әйел англиялық “күйеу жігітке” сеніп, 2,4 млн теңгесінен қағылды

Қарабалық ауданының 60 жастағы жергілікті тұрғыны полиция бөліміне шағым түсірді. Ол өткен жылы WhatsApp мессенджері арқылы ағылшын жігітімен танысып, оның өтініші бойынша өз атынан несие рәсімдеп, қомақты ақшасын шетелдік "сүйіктісіне" аударып жіберіп, сан соғып қалғанын айтты, деп хабарлайды Polisia.kz. Жалғызбасты әйел ер адамның хабарламаларына сеніп, хат алмаса бастайды. Алаяқ мұны пайдаланып, хат-хабарлардың бірінде оған өткен туған күніне сыйлық жасағысы келетінін айтқан. Әйелді сендіру үшін ол алтын алқа, білезік, әйелдер сөмкесі, ашық аяқ киім мен қолма-қол ақшасы бар сыйлығының суретін жіберіпті. Қазан айында ер адам онымен сәлемдемеге қатысты өзінің агентінің хабарласатынын айтқан. Осыдан кейін оған бейтаныс нөмірден сәлемдемені алмас бұрын 250 мың теңге сомасында ақша төлеу қажет екені туралы хабарлама келеді және оған банктердің бірінің деректемелері жіберілген.
Әйел алаяқтарға сеніп, ақшалай несие рәсімдеп, оларды көрсетілген деректемелерге жіберді. Екі күннен кейін оған тағы да мессенджерде жалған агент хат жазып, сәлемдеме Алматы қаласындағы поштада кешіктіріліп жатқаны туралы хабарлаған. Онда ақша сомасы көп болғандықтан және сәлемдемені алу үшін тағы 1 млн теңге төлеу қажет делініпті. Әйел тағы да микрокредиттік ұйымға барып, тағы бір несие рәсімдеген. Алаяқтар әйелдің сенімін пайдалана отырып, оған Англиядан жіберілген ақшаны қазақстандық валютаға айырбастағанда 28 млн теңге болатынын және оны алу үшін тағы 1 млн теңге салуға тиісті екенін айтады. Бұдан соң алаяқтар оны тағы 100 мың теңге несие алуға көндірген.
Осы уақыт ішінде жалған ағылшындық күйеу жігіт Қазақстанға келген кезде барлық несиені өзі жабатыны туралы айтып, алдап келген. Әйел 500 мың теңге сомасында тағы бір несие алудан бас тартқаннан кейін, “күйеу жігіт” оған хабарласуды тоқтатқан.
– Абоненттік нөмірлердің қай елге тиесілі екенін анықтауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары барысында осы абоненттердің интернет-ресурс мәліметтеріне сәйкес кодталуы Украина абонентіне тиесілі екені анықталды. Аталған факті бойынша банк шоттарының тиесілігін анықтау үшін сұратылымдар дайындалды. Қолда бар абоненттік нөмірлер бойынша күдіктінің орналасқан жерін анықтау үшін ҚР ІІМ ЖСМ-ге сұрау салып жатыр, – дейді Қарабалық ауданы ПБ бастығы Бақытбек Дисюков.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
 
Оқи отырыңыз:

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓