Салаға салғырт қарамау керек

Облыста  ет пен сүт өндіру көрсеткіші бұрнағы жылдармен салыстырғанда едәуір кеміген. Мәселен, 1997 жылы екі облыс қайта қосылғанда, бір жылда 190 мың тонна  ет тапсырған. Былтырғы көрсеткіш – 90 мың тонна. Өнім көлемі екі есе азайған. Сүт те солай. 2006 жылы өңір 600 мың тонна сүт тапсырса, былтырғы  деңгей 420 мың тонна. Соның кесірінен ет, сүт өңдейтін кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істей алмай тұр. Облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнім өндіруге енжар қарайды. Көбіне импортқа тәуелді. Кең көлемде азық-түлік шығаратын қайта өңдеу кәсіпорындары саусақпен санарлық. Сондықтан, облыс басшылығы аудан, қала әкімдеріне жылына кем дегенде он сүт-тауарлы фермасын ашуды, бордақылау алаңдарын көбейтуді міндеттеді.
-Біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Әр өңірде кемінде он сүт-тауарлы фермасының құрылысын салуы керек. Бұл өте маңызды. Өйткені, өңір халықты сапалы азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алмай отыр,- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл он бір ауданда ауқымды инвестициялық жобалар іске асуы тиіс. Мәселен,  үстіміздегі жылы "Олжа Агро" холдингі алты ферма салуды көздейді.
-Біздің холдингке қарасты Жамбыл және Садчиков ауылдарында сүт-тауарлы фермалары жұмыс істеп тұр. Олар жылына он мың тонна сүт өндіреді. Енді өнім өндіру көлемін арттыру мақсатында тағы бірқатар ферманы салуды ұйғарып отырмыз. Алтынсарин, Сарыкөл,Федоров, Меңдіқара тәрізді аудандарының әрқайсында 1200  қара малға арналған кешен құрылысын қолға аламыз. Нысандар пайдалануға берілгенде сүт өндірісін жылына 84 мың тоннаға дейін жеткізуге болады. Қосымша 420 жұмыс орны ашылмақ. Жобаның құны 60 млрд теңге. Қазіргі таңда болашақ нысандардың жобалық-құндық құжаттары пысықталып жатыр. Жер телімін алуға тырысып жатырмыз,- деді "Олжа Агро" холдингтік компаниясының басқарма басшысы Азамат Тұрлыбек.
Жер телімі дегеннен шығады, көп жағдайда фермерлер ауқымды жобаға қатысу үшін азын-аулақ жерін кепілге қойғысы келеді. Бірақ, ол жетімсіз. Ал жоба құны аса қымбат. Кей өңір түзген инвест.жобалар 2025 жылға есептелген. Яғни, мақсатты жұмыс атқаруда бірізділік жоқ.
-Көп жобаны қайта қарау керек. Кемшін тұстары көп. Сарыкөл ауданының ұсынған жобалары қабылданбайды. Жер көлемі жағынан ең үлкен Қарасу ауданы жалғыз жобадан аспай отыр. Қалған аудандар үнсіз. Неге бұлай? Біздің облыс республика бойынша сүт өндірісінде қалыс қалған. Көлем өте аз. Сондықтан, тез арада нақты шешім қабылдап, істі жедел түрде қолға алған жөн,-деді облыс әкімі.
Айтуынша, жаңа сүт-тауарлы фермалары бұрын шаруашылықпен айналыспаған аулдарда ашылғаны жөн. Бұл әлгіндей елді мекендерге үлкен серпін береді. Жұрт тұрақты жұмыспен қамтылады. Егер, әкімдер болмашы шаруамен шұғылданып, істі соза берсе, облыс  тиісті қаражаттан қағылуы бек мүмкін. Облыс әкімі бұл тақырыпқа бір аптадан соң қайта оралатынын ескертті.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓