Қоғамдық тәртіп күшейді
"Қауіпсіз аула" акциясы басталғалы бері облыстағы тұрғын үй аулаларында қоғамдық тәртіп күшейтілді. Аталмыш акцияның басты мақсаты да сол – көшеде қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтарды болдырмау.
Ауқымды акция биылғы жылдың маусым айында басталған еді. Сол уақыттан бері республикамыздың түпкір-түпкірінде құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған алуан түрлі іс шара өтті. Акция аясында Қостанайдағы 9 аулаға көлік жылдамдығын шектеуге арналған жол белгісі, сегіз аулаға "Өтуге тыйым салынған" деген белгі қойылды. Балалардың ойын алаңдары мен көлік қоюға арналған автотұрақтарды жол сақшылары өз бақылауларына алды.
"Қауіпсіз аула" акциясының шапағаты кеншілер қаласына да тиіп жатыр. Рудныйдағы тоғыз спорт алаңы жарықтандырылып, балалардың бес ойын алаңы қоршалды. Дәл осындай қауіпсіз төрт аула қараша айының соңына дейін пайдалануға берілмек.
– "STOP-қылмыс" партиялық жобасы аясында маусым-қазан айлары бойы "Қауіпсіз аула" акциясын ұйымдастырдық. Нәтижесінде Рудныйда ойын және спорт алаңдарының тапшы екені анықталды. Себебі, балалар мен жастар бос уақыттарын қайда өткізерін білмейді, – деді "Нұр Отан" партиясы Рудный қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Самат Байғожин.
Қымбат
ДОСЖАНОВА