Ұлытау ұлағаты

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, діни конфессиялардың өкілдері, мұрағат, мұражай қызметкерлері және студенттер қатысты. Тақырыптық оқу барысында өңіріміздегі идеологиялық жұмыстар, руханият пен дін және тіл саясатының бет алысы туралы баяндамалар жасалды. Сондай-ақ "Жаңа
уақыт көшбасшысы" кітап экспозициясы мен "Қостанай жерінің қазынасы", "70-80 жылдардағы Қостанай қаласының архитектурасы" фотоқұжаттық көрмесі көрермендердің назарына ұсынылды.

Жанділдә МАҚАНОВ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы: Елбасы сұхбатының басты ерекшелігі – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан руханиятына негізделіп, қазіргі жаһандану заманының талаптарына сәйкес ұлтымыздың әрі қарайғы даму үрдісіне жол сілтейді. Сұхбаттың негізі түйіні – "Мәңгілік ел" құру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару болса керек.
Біздің облыста идеологиялық жұмыс саласында бірқатар істер атқарылып жатыр. Мәселен, Ы.Алтынсариннің алғашқы жаңа үлгідегі мектеп ашуының 150 жылдығына, тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының 60 жылдығына, Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңындағы Естелік эстафетасы және облыстың белгілі тұлғаларының мерейтойларына арналған іс-шаралар. Бұл биылғы жылдың еншісіне тиген ауқымды шаралардың бір бөлігі ғана. Біздің болашақта атқаратаны жұмыстарымызды Елбасы сұхбатына сәйкес ақпараттық, әлеуметтік маңызы бар жобалар, қоғамдық-саяси жұмыстар деп үш бағытқа топтастыруға болады. Қазіргі кезеңде рухани мәселелер ең басты маңызға ие. Рухы мықты елдің ғана тұғыры нық болады. Ұлытау төріндегі сұхбат та бізді соған үндейді.

Валерий ВИШНИЧЕНКО, облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры: Қостанай облыстық мұрағатының қоры құнды құжаттар-ға бай. Біздегі бағалы деректерді ғылыми-практикалық конференциялар, тақырыптық оқулар
мен көрмелерде пайдаланамыз. Себебі, өткен тарихты сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу мұрағаттың қызметі.

Гүлнар ТАЛАПОВА, облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары: Тілдерді оқытудың облыстық орталығы мемлекеттік тіл саясатын жүргізуде зор үлес қосуда. Орталық 2007 жылдан бері мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқытумен қатар, облыста тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуды қолға алды. Қазіргі уақытта неміс, кәріс, украин, грек, армян, татар, иврит, поляк, шешен, тәжік тілдері бойынша жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Шетелде тұрып жатқан қазақ бауырларымыздың өз ана тілін ұмытпауына да көңіл бөлінген. 2009 жылдан бастап Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен Ресейдегі қазақтарға туған тілді үйретуге арналған курстарды ұйымдастырамыз.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕРДЕ: тақырыптық оқудан көріністер.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.