Электронды шот жүргізу – міндет

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған Қазақстан кәсіпкерлеріне бірқатар қосымша міндеттер жүктелетін болды. Ендігі жерде құжаттарды рәсімдеу электронды шот-фактура мен электронды қолтаңба арқылы жүзеге асуы тиіс. Алайда, кәсіпкерлер әзірге электронды жүйенің артықшылығын қолдануға асығар емес. Өйткені, ол көптеген сұрақтар тудыруда. Олардың бірқатарына Рудный қалалық мемлекеттік кірістер департаментінде өткен семинарда осы саланың мамандары жауап берді.Снимок
Семинарды мемлекеттік кірістер департаментінің басшысының міндетін атқарушы Сәтжан Ұзақбаев ашып, қатысушыларға заңнамаларға енгізілген өзгерістердің барлығы салықтық және кедендік рәсімдерді оңтайландыруға бағытталғанын айтты. Одан кейін басшы Қостанайлық департаменттің осы салаға жауапты маманы Дәулет Айсинге сөз кезегін берді.
– Қазақстан ДСҰ-ға кіру үшін 19 жыл бойы жұмыстанды. Соның нәтижесінде біздің еліміз 3877 тауар түріне Кедендік баж ставкасын төмендетуге қол жеткізді, оның ішінде дәл қазіргі уақытта 1347 тауар түріне кедендік баж ставкасы төмендетілген. Қалған бөлігі 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ, – деді ол.
Дәулет Негиматұлы еліміздің ДСҰ-ға кіруіне байланысты тауар тасымалында көптеген өзгерістер болатынын айтып, ұжым қызметкерлерінің кәсіпкерлерге кеңес беруге қашан да дайын екенін жеткізді. Семинар қатысушыларына шот-фактураның электрондық нұсқасын даярлау тәртібін түсіндірді. Оның сөзінше, шот-фактураның электрондық нұсқасын даярлау 2014 жылғы 1 шілдеден басталған. Бірақ та оны электронды түрде жүргізуге кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Жиналғандардың ашуын тудырған да осы мәселе.
– Ірі бизнес өкілдері мен импорттаушыларға келгенде Қазақстан өз аумағындағы тауардың қозғалысын бақылап, сауатты жұмыс атқарып отыр. Бірақ та көтерме және бөлшек саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлердің мүддесі мүлдем ескерілмеген. Бір тіс пастасы немесе сүзбе үшін шот-фактура жазу көңілге сыйымсыз. Оны бақылаудың қажеті шамалы ғой. Егер әр нәрсеге электронды шот-фактуралар жазып беруге міндетті болсақ, барлығымызға есепші немесе басқа да қосымша қызметкерді алуға тура келеді. Бұл онсыз да күнкөріс қамымен жүрген жеке кәсіпкерлерге үлкен салмақ. Сондықтан мемлекет осы мәселеге дұрыстап көңіл аударса деген тілегім бар, – дейді Рудныйлық Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Светлана Паперная.
Бүгінде кәсіпкерлердің бірқатар ұсыныстарын салық мамандары дәптеріне түртіп алды. Оның қашан және қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз. Бірақ уақыт тығыз. Себебі 2017 жылдан бастап қосымша құн салығын төлейтін барлық кәсіпкерлер электронды шот-фактуралармен жұмыс істеуге міндетті.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓