Қостанайда футболдан халықаралық ашық турнир өтті
Қостанайда "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы жүлдесі үшін футболдан ашық турнир өз мәресіне жетті.
ЕКең ауқымды спорттық іс-шара Астана, Қарағанды, Алматы және Өскемен қалаларынан келген құрамаларды, сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясына қарасты Пермь және Челябі қалаларынан келген жас футболшылардың басын қосты. Командалардың барлығы 2010 жылғы спортшылардан жасақталған. Көші-қон қызметінің 30 жылдығына арналған турнир "Тобыл Арена" заманауи спорт кешенінде өтті.Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк атап өткендей, жарысқа қатысушылар тамаша спорттық дайындықтарын көрсетті. Турнир тек полиция үшін ғана емес, бірнеше күн бойы спортшыларды қолдаған облыс орталығының тұрғындары үшін де маңызды оқиға болды.
– "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының арқасында бүгінде спорттың шекарасы кеңейіп келеді. Осындай іс – шаралар полицияда жұмыс істеудің жауапкершілігін түсіне алатын жас ұрпақ үшін маңызды, – деп атап өтті Алексей Милюк.
Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орын иесін анықтау үшін алматылық "Джейран" және Пермь қаласынан келген "Звезда" командасының футболшылары алаңға шықты. Тартысқа толы өткен ойын нәтижесінде ресейліктер қола жүлде иесі атанды.
Ал финалдық бәсекеде Челябі командасы мен "Динамо" ДСҚ футболшылары кездесті. Матч қорытындысы бойынша қостанайлық команда 4-3 есебімен жеңіске жетті. "Челябі" сәйкесінше 2-орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубокпен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, турнирді "Динамо" ДСҚ, Қостанай облысы ПД кадр және көші-қон қызметінің мамандары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев, Қайрат Дүтпаев және Қуаныш Дүйсембаевтың тікелей қатысуымен ұйымдастырылды.