Қалалық ауруханада бариатриялық ота жасалады

Қостанай қалалық ауруханасының проктологиялық бөлімінде бариатриялық ота жасалады. Былтырғы жарты жылдықта сегіз адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Бұрын мұндай ота тек шет елде немесе Астанада ғана жасалатын. Енді өз қаламызда да дәрігерлер қолға ала бастады.
Бариатриялық ота дегеніміз – асқазанды кішірейтіп, семіздіктен арылу. Бөлім меңгерушісі Айдар Ракишев журналистермен кездесіп, отаның жасалу жолдары, семіздіктің салдары жайында әңгімелеп берді.  
–Көпшілік арасында бұл ота семіздіктен арылып, сымбатты болу үшін жасалады дегене жаңсақ түсінік бар. Негізінде отаны барлық адамға жасай бермейміз. Ота жасаудың басты себебі – артық салмақ салдарынан туындайтын аурулар, ол емдемесе өздгінен жазылмайды. Бұл – генетикалық ауру. Адам тамақты аз ішсе де өздігінен салмақ тастай алмайды. Себебі оның метоболизмі төмен. Мұндайда қант диабеті асқынып, түрлі аурулар пайда бола бастайды. Тыныс алу нашарлап, буын ауырады. Осындай жағдайда артық салмақ пен диабет ауруын емдеудің ең тиімді жолы – бариатриялық ота жасау. Семіздікті емдеудегі бұл әдістен соң пациенттердің қалайша өзгеретіні жарты жыл ішінде-ақ білінеді. Бірақ отадан соң күтініп, ұн тағамдарын, тәттілерді жемеуі керек. Әйтпесе асқазан қайта созылып, салмақ қосыла бастайды, – дейді дәрігер.
Былтыр 8 ота жасалса, биыл дәрігердің көмегіне бар болғаны бір адам жүгінген.
–Біздің ауруханада осындай күрделі ота жасалатынын көпшілік біле бермейді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру аясында тегін жасалады. Өкініштісі жыл өткен сайын семіздікке шалдығатындардың қатары артып келеді. Олар ота жасатқысы келсе де қорқақтап, отадан кейінгі кезеңде тамақты шектеп, күтім жасай алмайды. Ал оның маңызы өте жоғары, – дейді Айдар Шәкенұлы.
Журналистермен кездесуге пациент Алла Тоқаева да келді. Оның асқазанына ота жасатқанына да жарты жыл болыпты. Осы уақыт ішінде 30 келідей салмақ тастапты.
–Бала кезімде де, тұрмыс құрғанда да артық салмағым болмады. Балалы болғаннан кейін толыса бастадым. Жасым 55-те болса да жүріп-тұруым қиындап кетті. Салмақ тастаймын деп бәріне бардым. Ашықтым да, тамақты да шектедім. Бірақ ешқандай да нәтиже болмады. Қай дәрігерге барсам да «салмақ тастаңыз» дейді. Соңында не істерімді білмедім. Осында келгенде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бойынша осындай ота жасалатынын білдім. Шешім қабылдап, жасаттым. Міне, жарты жыл болды 120 келіден 90 келіге түстім. Дәрігердің қолы жеңіл екен. Бірден өзімді жақсы сезіндім. Қазір күтініп, ішкен жегенімді қадағалап отырамын, – дейді Алла Васильевна.
           
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.
Суреттерді түсірен Б.АХМЕТБЕКОВ.
           

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓