Әр қызметші әдептен озбаса
Қостанай облысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінде Әдеп кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында өткен жылғы мемлекеттік қызмет пен қызметтік этика заңнамаларын сақтау мәселесі қаралды. Былтыр жыл бойы департамент тарапынан 47 тексеру шаралары жүргізіліпті. Ал 29 өтініш-шағым бойынша жоспардан тыс 32 тексеріс өткізілген. Оның басым бөлігі азаматтардың өз құқығын қорғауға қатысты. Тексеру қорытындысына сәйкес, 514 өрескелдік анықталды дейді ведомство өкілдері. Заңсыздықтарды жою бойынша 38 ұйғарым енгізіліпті.
Мәселен, өрескелдіктердің алдын алуға қатысты қадағалау кезінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытынан тыс жұмыс орнында болғаны анықталған. Ал жұмысты артығымен орындау екі сағаттан аспау керек. Мұның сыртында қызмет барысында жұмыс компьютерінен ойын-сауық бағытындағы сайттарға кіру бойынша 41 дерек анықталған.
– Ал жоспардан тыс тексеру кезінде мемлекеттік қызметшілердің өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес функцияларды жүзеге асыруын қамтамасыз етпеу ең көп таралған өрескелдік болып табылады. Мынадай да фактілер кездесіпті: мемлекеттік орган басшысы үміткерді әңгімелесуге шақырып алып, жұмысқа орналастырамын деп жалған уәде берген; теріс қылығы үшін қызметкерді жұмыстан қуған кезде Қостанай облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасына сәйкес карточканы ұсынбаған; құрылым мен штат кестесінің алдағы өзгеруі және еңбек жағдайларының, лауазымдық міндеттердің өзгеруі туралы хабарлама берілмеген, – деді департамент өкілі Талғат Сыздықов.
Тағы бір ескере кететін жайт, жекелеген мекемелерде қызметкерлердің компьютерлері біртұтас интернет желісінен және мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасынан бөлек ажыратылмаған. Яғни, жұмыс процесінде ақпараттық қауіпсіздік қамтылмайды. Осы жағына аса мән беру керек деді Қостанай облысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Асхат Ескендіров.