«Кедергісіз келешек» жобасы жалғасуда
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмай, емін-еркін жүріп-тұруына оңтайлы жағдай жасап, кедергісіз орта қалыптастыру. Нұротандықтар өз алдына осындай мақсат қойып отыр.Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз болашақ қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осыған орай, Қостанай облысында қамкөңіл адамдарға қамқорлық таныту бағытындағы шаруаларды ширата түсу көзделген. Бұл ретте «Nur Otan» партиясының белсенділігін айрықша айта кету керек. Облыс бойынша партиялықтардың бастамасымен әлеуметтік әлсіз топтарға жататын жандар үшін біршама іс тындырылуда. Аталмыш жоба аясында Рудный қалалық филиалы шағын шаһардағы әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты қолайлы екендігіне бақылау жүргізді.
Руслан Байғанин мүгедектік арбаға танылса да, қоғамдық бастамалардан тыс қалмайды. Бұл жолы партиялықтардың мұрындық болуымен ұйымдастырылған рейд шарасына қатысты. Айтуынша, соңғы жылдары нұротандықтардың көмегімен пандустардың саны көбейген. Алдағы уақытта, әлеуметтік нысандардың мүгедек жандар үшін одан әрі қолжетімді болатына сенім білдірді.
-Партия өкілдері жоба аясында нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүруіне, жүріп-тұруына қолайлылығын тексеру мақсатында рейд ұйымдастырды. Жарымжан азаматтардың қысылып-қымтырылмай өмір сүруіне жағдай жасалып келеді. Дегенмен, кейбір кәсіп өкілдері мүгедектігі бар жандарды ұмытып кететін сияқты,- дейді шаһар тұрғыны Руслан Байғанин.
Рейдтік топ өкілдері дүкендер, дәріханалар мен супермакеттерді тексерді. Бірқатар нысандарда есік, баспалдақ, пандус өлшемдері арнайы талаптарға сай келмейді. Партиялықтар ескерту жасап, олқылықтардың орнын толтыру керектігін ескертті.
-Арбаға таңылған жандар үшін қоғамдық орындарда қаншалықты жағдай жасалған? «Кедергісіз келешек» жобасы аясында рейдке шыққан партиялықтар осы сауалға жауап іздеді. Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүруін жақсарту. Олардың әлеуметтік бейімделуіне қоғам назарын аудару,- деді Рудный қаласы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі Серік Шайкенов.
Нұротандықтар осындай рейд шараларын ұдайы ұйымдастырмақ. Сын-ескертпелер жасалған кәсіп нысандары тағы бір мәрте тексерілетін болады.