Композиторлар одағына жаңа мүшелер қабылданды        

Біздің өңірде облыстық Композиторлар одағы бар. Одақ былтырғы жылы облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының бастамасымен құрылған болатын. Одақтың құрамы жылдан жылға толығып, жұмыстары жанданып келеді. Осы аптада өңірімізден шыққан сазгерлердің бірлесе ұйымдастыруымен «Сырлы әуен» атты дөңгелек үстел өтті.
Отырыста орталық басшысы Дәмер Қалқаев өз ойын білдіріп, қолдау болатынын жеткізді. Белгілі сазгерлер Б.Мұқашев, Б.Сәуекенов, С.Кобызев жастарға өз ақыл-кеңестерін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жалпы дөңгелек үстел ұсыныс, пікір білдірген, осы жылға жұмыс жоспарын құрған еркін форматтағы жақсы отырыс болды.
Аманкелді аудандық мәдениет үйінің басшысы, сазгер Олжас Қылдыбаев өңірімізде жыл сайын өтетін «Бақытты балалық» балаларға арналған ән байқауының аясын кеңейтіп, өзгеріс енгізіп, балаларға арналған күй сайысын да қоссақ деген ұсынысын білдірді. Себебі, қазіргі кезде талантты балалар көп. Қолына қазақтың қара домбырасын ұстап, талпынып жүрген балғындарға бұл жақсы жаңалық болар еді. Жалпы бұл байқаудың мақсаты – балаларға арналған әндер мен күйлердің қатарын толықтырып, жинақтап тарату. Мысалы, Аманкелді аудандық музыка мектебінің басшысы, сазгер Кенжеболат Ахметов балаларға арналған 15 шақты күйдің авторы. Ол да бұл ұсынысты құптап отыр. Балалар шет елдің әндерін орындағанша өзіміздің қазақтың үнін, әнін, күйін біліп өссе, өздеріне арналған ән-жырды, күйді танытып, дамытар еді деген ойын білдірді. Ал сазгер, ән өңдеуші Қажымұрат Баймусин «одақ құрамындағы сазгерлер облыс көлеміндегі аудан, ауылдарға гастрольдік сапармен шығып, концерт берсе жақсы болар еді, бұл бір жағынан жеке ұйым болмағандықтан қаражат табу көзі болса, бір жағынан елге жергілікті сазгерлерді таныту, көңіл күй сыйлаймыз» деген пікірін қосты.
Сонымен қатар өңірімізде шығып жатқан жаңа әндерді көркемдік кеңеске салып талдап, талқылап, содан кейін ғана насихатталатын болады. Арнайы сарапшылардан тұратын көркемдік кеңес құрылып, авторлық қоғамға тіркелмек. Ән жазғаннан кейін сазгердің сол әндерінің авторлық құқығы қорғалу керек. Қазіргі уақытта бірнеше авторлық қоғамға өзіндік тіркелу заңдылығы бар. Міне, осы сияқты орынды-орынды, ой салар түрлі ұсыныстар түсіп, талқыланды. Алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар жүйелі жүзеге асуы үшін әркім өзіне жүктелген жұмысты сапалы әрі уақытылы атқаруы тиісті. Одақ құрамындағы Арысбек Бақдәулетұлы авторлық әндерді авторлық қоғамға тіркеумен айналысса, Қажымұрат Баймусин, Тоқтар Қуандық сарапшыдан өткен әндерді өңдейді. Сондықтан сарапшылар ай сайын бас қосып, есеп беріп отырады.
Қорытындысында Бағдат Асылбеков пен Нұрахмет Махмут одаққа мүше болып қабылданып, куәліктерін Композиторлар одағының төрағасы Азамат Қабжәлелұлы табыстады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓