Сан қырлы дарын иесі

Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын, сатирик, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абылай Маудановпен шығармашылық кездесу өтті.
Абылай – есімі Тобыл-Торғай өңіріне ғана емес, тұтас елге танылған дарын. Әдебиеттің бірнеше жанрын тең ұстап жүрген қаламгер. Поэзияда халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін иеленген ақын. Драматургия саласында жазған алғашқы туындысы да республикалық бәйгеде үздік шығармалар қатарынан көрінді. Сатирасы да оқырмандарын тамсандырып жүр. Таяу жылдары танылған тағы бір қыры – аудармашылық. Қазір осы бағытта көсілтіп жазып, әлем әдебиетінің классикалық туындыларын қазақша сөйлептіп жатыр.
«Аудармашылыққа келуім де кездейсоқтық болды. Жазған-сызғанымнан хабары бар қарағандылық жігіттерден әлемге әйгілі жазушыларды тәржімалауға ұсыныс түсті. Әрине, әуел баста мұның жауапкершілігін сезініп, жүрексіндім. Дегенмен, ойласа келе, аудармашылық қабілетімді сынап көруге бел будым. Сөйтіп, ең алғаш Лев Толстойдың балаларға арналған әңгімелерін аудардым. Кейін Эрих Распенің «Мюнхаузеннің бастан кешкендері» атты еңбегін қазақшаладым. Бұдан соң Дэниел Дефоның «Робинзон Крузосын», Жюль Верннің «Әлемді 80 күнде шарлау» атты атақты шығармасын тәржімалап шықтым. Бәрі де тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алды», – дейді жазушы.
Ол аударған алғашқы екі шығарма да балалар жылына орай Көкшетау қаласында өткен байқауда топ жарды. Осылайша, ол қай жанрда қалам сілтесе де дәл «ондыққа тигізетін» сұңғылалығын дәлелдей білді. Қазіргі уақытта қаламгер аударған «Том Сойердің бастан кешкендері» атты туынды басылып жатыр. Оның үстіне бүгінде Паоло Коэльоның «Алхимигін» тәржімалау үстінде. Кездесу барысында жазушы аударма процесін, жұмыс кезіндегі кейбір қиындықтар, қызықты сәттер туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Сондай-ақ, осы кештің ең маңызды сәті – жоғарыда аталған төрт кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Абылай Маудановтың ақындық, жазушылық, аудармашылық қабілеті туралы Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков лебіз айтты. Ол осы кітаптарды бүге-шігесіне дейін оқып шыққанын, аудармашылық шеберлігін, тіл қолданысын, шығарманың көркемдігін және басқа да ерекшеліктерін сөз етті. Өнердегі ағасы, прозашы Әбутәліп Әмір және басқа да қаламдас, замандас азаматтар кеш иесі туралы ой-пікірін ортаға салып, лебіз-тілектерін арнады. Кездесу барысында Абылайдың өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер орындалды.  
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓