Биыл Федоров ауданында алты инвестициялық жоба іске аспақ
Биыл Федоров ауданында алты инвестициялық жоба іске аспақ. Олардың ішінде ең ауқымдысы – 350 бұзауға арналған қора және 200 жылқы өсіретін ферма салынады. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандар үстіміздегі жылдың аяғына таман пайдалануға беріледі.
Аудан басшыларының айтуынша, жобалар жүзеге асқанда отызға тарта жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, келесі жылы "Бүркіт" ЖШС және "Олжа Алтын Инвест" ЖШС жалпы құны 11,1 млрд теңгеге бағаланған екі сүт-тауар фермасын ашуды көздеп отыр. Әзірге, жер телімі бөлініп, жобалық-құндық құжаты дайындалып жатыр. Жаңа фермаларға 54 адам жұмысқа орналасады. Мұның сыртында тағы екі ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру үшін алдын ала келісімдерге қол қойылған. Оның біреуі – 100 мың шошқаға арналған ферма, құрама жем зауыты және ет өңдейтін кешен жетпіс адамды жұмыспен қамтитын болады. Екіншісі, 200 мың тонна астық қабылдайтын элеватор, диірмен кешені, логистикалық орталық. Бұларға да елу шақты адам жұмысқа орналасады. Жалпы, осы аталған жобалар ел игілігіне айналғанда 120 адам тұрақты жұмыс істейді дейді жеткілікті мамандар. Бүгінде жер телімі анықталды. Жобалық-құндық құжаттары әзірленіп, қаржыдандыру тетіктері пысықталып жатыр. Айтпақшы, биыл федоровтық ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз жұмыскерлеріне тоғыз үй салып бермек. Жергілікті ферменрлер әлеуметтік салаға үнемі көмектесіп тұрады. Олар қыста көшелер мен жолдарды тазартуға, су тасымалдауға және қайырымдылық көмек көрсетуге 100 млн теңгеден астам қажетті қолдау көрсетеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Федоров ауданы.