Ән құдіреті
"Ән – көңілдің ажары" деген рас-ау. Кейде бір әдемі ән тыңдасаң, құлақ құрышың қанып, рухани серпіліп қаласың. Көңілдің кірін кетіретін, жүректің көзін ашатын музыканың құдіреті шексіз ғой, шіркін. Ал енді, әсем ән тыңдау арқылы ауруынан айыққан адамдар туралы естіп пе едіңіз?
Әулиекөл ауданы Көктал ауылының байырғы тұрғыны Сартай Қаратаев танымал әнші Нұрболат Абдуллиннің әндерін тыңдап, дертіне дауа тапқан екен. Әншінің өнеріне деген ыстық ықласын білдіру үшін Н.Абдуллинді екі жыл бойы күтіпті. Жаңа жыл қарсаңында өнер адамымен жүздесу мүмкіндігі бұйырыпты. Осы бір жүрек тебірентер оқиға туралы сұхбатымызда толығырақ баяндаймыз.
– Сартай аға, сол ерекше кездесу туралы әнші Нұрболат Абдуллиннің инстаграм-парақшасынан көріп, хабардар болдық. Өз аузыңыздан естісек деген ниетпен келіп отырмыз.
-Бес жыл бойы ауырдым. Үш жыл төсекке таңылып, екі аяқтан жүре алмай қалдым. Алдымен, Алла тағаланың қалауымен, одан кейін дәрігерлердің ем-домының арқасында және әнші Нұрболат Абдуллиннің әндерін тыңдап дертімнен айықтым. Нұрболат Абдуллинің әндері маған ерекше бір сезім сыйлады, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Қиналған сәтте теледидардан Нұрболаттың өлеңдерін тыңдап жататынмын. Отадан соң үш ай өткенде ақырын-ақырын тұрып, аяғымды бастым. Содан кейін Нұрболат деген қандай әнші екен деп іздене бастадым. Ол кезде көзім әлі дұрыс көре қоймайтын. Бұлдырап, сағым бейне көз алдымда тұрады. Астанадағы дәрігерлерім Азат Мырзабайұлы, Ақмарал Құсайынова, Айжан Тұрсынбекқызына рахмет айтамын. Қазір көзім 100% анық көреді.
Тағдырдың сынағына қарсы тұруға қауқарым жетпей, түңілген кезде өмірге деген сүйіспеншілігімді оятқан Нұрболат деп ойлаймын. Алла тағала осы жігітті маған кезіктірген шығар. Нұрболатты бір көріп, алғыс айтсам екен деп армандап жүрдім. Күндердің күнінде өнер адамының Қостанайға келіп, концерт қоятынын естідім. Алғашқылардың бірі болып билет алдым. Бірақ, менің әңгімемді концертте тыңдауға уақыты да болмайтын шығар деп ойладым. Не де болса үйге шақырып, қонақ қылайын деп түйдім. Келісе ме келіспей ме ол жағы да күмәнді. Бұл кісінің Жасұлан есімді директорына хабарласып, әншімен жүздесіп, ағалық ырзалығымды білдіргім келетінін жеткіздім. Артынша әншінің менің өтінішімді қабыл еткені туралы хабар жетті. Біз қуанып, балаша мәз болдық. Жұбайым Алма ұлым Ерік және келінім Гүлмирамен бірге ауылда тұрады. Сонда мектепте мұғалім болып жұмыс істеуде. Әлі зейнеткерлікке шыққан жоқ. Қаладағы үйде кіші ұлым Берік екеуміз тұрамыз. Көптен күткен әншімді қалай күтіп аламын деген оймен төменгі қабатта тұратын Бәтима деген апам мен Қабдол ағама хабарластым. Олар мені бір ауыздан қолдап, дастархан жаюға қолұшын беретін болды. Межелі күні мен концертке кеттім. Бәтима апам, Қабдол ағам және Мереке бауырым үйде қалып, әзірлікке кірісті. Концерт аяқталған соң Нұрболат Абдуллинмен кездесіп, үйге алып келдім. Қасында Жасұлан деген директоры бар және Қайсар есімді әнші бала болды. Дастарханнан дәм татып, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрдық.
-Өнер адамының бойынан қандай қасиеттерді байқадыңыз?
-Нұрболаттың қарапайымдылығына тәнті болдым. Қазақтың қарапайым қара баласы екен. Теледидардан көргенде мүлде басқа. Ал өмірде қарапайым жан екен. Шақыртуымды қабыл алғанына разымын. Дастархан басында отырғанымызда тыңдарманға ұсынғалы жүрген жаңа өлеңін оқып берді. Ол өлеңді өзі шығарған екен. Менің көңіліме, құрметіме алғысын айтты. Алдағы 19-наурызда Алматыда өтетін шығармашылық кеші мені де шақырды. Бұйырса, барамын.
Елімізде әнші көп қой. Мен үшін Нұрболат Абдуллин ерекше. Соңғы екі жылдан бері әндерін үзбей тыңдаймын. Жазда немерелерім Кәусар мен Аңсар қалаға келеді. Олар да біліп алған. "Ата, теледидардан Абдуллинді қосайық па?" дейді.
–Айып болмаса, денсаулығыңызға әсер еткен жағдайды аятып бересіз бе?
-Мен Көкталда жиырма жылдай әкім болдым. 2017 жылдың көктемінде біздің ауыл суда қалды. Ауылдағы шаруа қожалығының басшысы Ғинят ағайдың К-700-ына мініп алып, түнгі сағат он екіде ауылдан бес шақырым жердегі дамбыны жарып, суды ағыздық. Жанталасып жүргенде аяғыммен суға батып, дымқыл етікпен таң атқанша жүрдім. Таң ата үйге келіп, шылқып су болған киімдерімді ауыстыра бастадым. Етігімді шешсем, сол аяғым аппақ қардай болып қалыпты. Қан айналым тоқтап қалған екен. Бес күн бойы сол күйі жүре беріппін. Соңына қарай бәшәйларым қарая бастады. Одан әрі жүре алмай қалдым. Әрі қарай аурухана жағалау басталды. Қостанай мен Астананың екі ортасында жүрдім. Барлығы жеті ота жасапты. Қазіргі күніме шүкіршілік айтамын. Барлық қиындық артта қалды. Айта берсең ұзақ уақыт алады. Өткен істі еске алғым да келмейді.
Менің денсаулығым ауылда тұруға жарамаған соң соң қалаға көштім. Мұнда кіші ұлым Берікпен бірге тұрып жатырмын. Қостанайға келгеніме төрт жылдай болыпты. Екі ұлым мен бір қызым бар. Бәрі ересек. Немерелерім ауылда. Жазғы демалыста келіп тұрады. Жұбайым Алма екеумізге балалардың қызығын көруді бұйыртсын.
-Деніңізге саулық тілейміз, аға! Сіз сияқты өнерді түсінетін, өнер адамдарына ерекше құрмет көрсететін адамдар көп болсын.
Сұхбаттасқан Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.