Тұрғындардың өтініштеріне жауап беру мерзімін кешіктірген бес ұйым анықталды
Қостанайдағы iKOMEK орталығына келіп түскен тұрғындардың өтініштеріне жауап беру мерзімін кешіктірген бес ұйым анықталды. Тізімде қалалық полиция басқармасы көш бастап тұр. Бұл туралы аппарат кеңесінде айтылды.
Жыл басынан бері ситуациялық орталықта 5480 өтініш тіркелген. Оның 4995-і негізінде нақты іс-шаралар атқарылды, қалған 485-і бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал 267 өтініштің орындалу мерзімі кешіктірілген. Статистикаға жүгінсек, азаматтардың өтініштерін елемейтін, дер кезінде жауап бермейтін ұйымдардың бары анықталып отыр. iKOMEK орталығының деректері бойынша, қалалық полиция басқармасы 148 өтінішке 111 күнге дейін жауап бермеген. Екінші орындағы ТКШ бөлімі 145 өтінішке, "Айти Умный город" ЖШС 64 өтінішке, коммуналдық қызметтер 42 өтінішке, "КапиталГруппСоюз" ЖШС 31 өтінішке жауап беру мерзімін кешіктіріпті. Қостанай қаласының әкімі М.Жүндібаев халықтың үніне құлақ аспаған ұйымдарға бұдан әрі мұндай олқылықтарды болдырмау қажеттігін тапсырды.
Қымбат ДОСЖАНОВА.