Тілек пен талап бір “Қостанай таңының” Қарасу ауданындағы күндері
Қарасу ауданы – жер көлемі жағынан облыстағы ең ірі аудандардың бірі. Өйткені, бұл ауданның қарамағына бұрынғы Торғай облысының Октябрь ауданы да басы бүтін берілді. Дегенмен, "Қостанай таңы" газетінің таралымы аз өңірлердің бірі де осы аудан. Оған себеп, бұл жақтың денін өзге ұлт өкілдері құрайды. Соған қарамастан да Қарасу бойын жайлаған қалың елде "Қостанай таңының" жанашырлары аз болмай шықты. Бұл туралы сәл киінірек.
Облыстық газет ұжымын қар-сы алған аудан өкілдері ертеңгісін журналистерді аудан орталығындағы музыка мектебіне ертіп әкелді. Мұнда Бас редактор бастаған топты бір қауым ел күтіп отыр екен. "Қостанай таңы" газетінің Қарасу ауданындағы күндері аудан әкімінің орынбасары Ерлан Балжақаевтың қысқаша сөзімен ашылды. Бұдан соң қос тарап жан-жақты ой бөлісті.Сонымен қарасулықтармен өткен кездесуде жұртшылық не айтты? Енді, соған кезек берейік.
Айгүл Арғынғазина, Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінің директоры: Жаңа өздеріңізде айттыңыздар, салт-сана туралы көп айтылмай жүр деп. Біздің Торғай-Қостанай төңірегі небір сөз зергерлеріне кенде емес. Соларды іздестіріп, бел-гілі бір айдармен газет бетіне жиі шығарып тұрсаңыздар екен. Өйткені, кейінгі ұрпақ бұдан мүлде бейхабар болуы мүмкін.
Жұмат Нүгірбеков, Ильичев селолық округінің әкімі: Барлық ақпарат құралдарының ішінде газеттің орны бір бөлек. Оны жоққа шығаруға болмайды. Менің айтайын дегенім, басылым беттерінде халқы-мыздың ертеден келе жатқан салт-ғұрыптарын жаңғыртсаңыздар екен. Тағы бір ұсынысым, қазақтың батырлары, би-шешендері туралы мол мағлұмат берсеңіздер құба-құп.
Ғалиолла Молдашев, Қарасу кентінің тұрғыны: Кешегі кеңес үкіметі кезінен бері "Қостанай таңымен" бірге есейіп келеміз. Қазіргі беталысы да жаман емес. Тек, кейде толып жатқан шешімдер, қаулылар қаптап кетеді. Олардың әріп-тері де ұсақ. Көзге көрі-не бермейді. Оның орнына тарихи тұлғалар туралы көбірек жазыңыздар.
Айдана Есенғазы, Қарасу мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектебінің мұғалімі: Кейде газет оқып отырып, мен өзіме қажетті дүниелерді таба алмаймын. Көбіне шашты қалай күту керек, бетті қалай әрлеген жөн деген тәрізді қыздарға қажетті дүниелерді жариялап жатасыздар. Оны өзге басылымдардан да тауып, оқуға болады ғой. Оның орнына жастарға үлгі-өнеге боларлық тағылымды дүниелер бассаңыздар, оқырмандаға сол пайдалы ғой деп ойлаймын.
Халық қажы Қабиұлы, Қарасу мешітінің бас имамы: Бүгін бір қасиетті жұма күні Сіздермен Қарасу елін-де жақсы бір мәжіліс құрып отырмыз. Алла қайырын берсін! Мақсат бір, облыстағы жалғыз қазақ тілді газеттің таралымын көбейту баршамыздың міндетіміз. Кейбіреулер орысша оқып едім, түсінбеймін дегенді айтады. Бұл жәй ғана сылтау деп есептеймін. "Қостанай таңынан" әркім өзіне керегін тауып оқып, оны өзгелерге айта жүрер болса, көпшіліктің қызығушылығы оянар еді.
Тамара Тасболатова, Қарасу аудандық тіл-дерді оқыту орталығы басшысының міндетін атқарушы: "Қостанай та-ңы" газетін үнемі оқып отырамыз. Жақсы мақалаларды да көріп жүрміз. Оқырманды қызықтырмайтын материалдар да жарияланып кетеді. Ме-нің ойымша, газет халық оқитын болғандықтан, онда әділдік, шындық жазылғаны жөн. Екіншіден, газетте жастарға көбірек ықылас бөлсеңіздер екен.
Жоғарыда қарасулық оқырмандарымыз айтқан сын-ескертпелер, ұсыныстарға газет басшысы нақты жауап қатып, олардың барлығы алдағы уақытта газет бетінен көрініс табатындығына сендірді.
"Қостанай таңының" редакциясы ел ішін аралағалы бері газеттің жанашырлар клубын құрып, талапты жастарға "Жас тілші" куәліктерін табыстап жүргенін көзі қарақты оқырман қауымы біледі. Алайда, Қарасу ауданында бізге бәймәлім себептерге байланысты жанашырлар клубы құрылған жоқ. Әйтпесе, қарасулық оқырмандардың өздері айтпақшы, бұл жақта да облыстық газеттің байырғы оқырмандары аз емес. Мәселен, Қозыбай Балғабаев, Халық қажы Қаби ұлы, Бектас Байғабылов, Жұмат Нүгірбеков, т.б. көптеген ел ағалары бар. Аттары аталған осы кісілер "ҚТ" жанашырлар клубына" бас-көз болуға әбден лайық кісілер еді. Қош, өткен іске өкініш жоқ.
Газеттің Бас редакторы Ж.Аязбеков тек жас тілшілерге арнайы куәліктер табыс етіп, сый-сияпат ұсынды. Мұндай құрметке Қарасудағы мемлекеттік тілде оқытатын негізгі мектептің оқытушысы Айдана Есенғазы мен аудандық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Әлім Тоқсанбай ие болды.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ