Шилі бөгетіндегі шикілік: тараптар не деді?
Жанкелдин ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль көліктері бөлімінің басшысы Талғат Әміровке, «Energy Constrution-2020» ЖШС басшысы Берік Дүйсембаевқа және «Құрылыста Экспертиза» ЖШС сарапшысы Ғабит Алинге қатысты сот отырысы жалғасуда. Олар сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу (ҚР ҚК 189 бабы) бойынша айыпталып отыр. Мәселе 2020 жылы Жанкелдин ауданының Шилі ауылында күрделі жөндеуден өткен бөгетке қатысты болып отыр.
30 қаңтарда таңертең және түстен кейін өткен сот отырыстарында айыпталушы тараптар жағынан түскен өтінішхаттар қаралып, куәгерлерден жауап алынды. Бұл жолы адвокаттар М.Сүйінішев пен Қ.Меңліқұл өздері қорғап отырған Ғ.Алинді денсаулығына байланысты үй қамағынан медициналық мекемелерге емін-еркін қаралуға рұқсат беруін сұрады. Прокурор Диас Нұрғалиев Алинге ауыр айып тағылып отырғандықтан, бұған наразы екенін жеткізді. Бірақ қылмыстық іске төрағалық етіп отырған судья Сатыбалды Оразбай өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарды. Алин қажетті жағдайда ғана емдеу орындарына бара алады.
Т.Әміровтің қорғаушысы О.Бранцев мынандай дерек келтірді: «Тергеу материалдары бойынша Алин мен Дүйсембаев 81 млн теңгені талан-таражға салған. Бірақ актінің бір бөлігіне Жанкелдин аудандық ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы (2020 жылы тамыз айында марқұм болған Н.Байділдин – Қ.Қ.) қол қойған. Оған менің қорғауымдағы Әміровтің қатысы қандай? Бұдан бөлек, бұл жерде авторлық қадағалау да жауапқа тартылмаған».
Ал, ту баста осы қылмыстық істі жүргізген облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Е.Уәлиев тіл заңдылығын бұзған. Яғни, тергеуші Конституцияның 7 бабы, 1 тармағын ескерместен, істі қазақ тілінде емес, орыс тілінде жүргізген. Бұны сотқа онлайн қатысып отырған адвокат Қ.Меңліқұл жеткізді.
Ал, Т.Әміров өзіне негізсіз айып тағылып отырғанын айтып, барлық айыптарды алып тастауды сұрады: «Мені жалған құжаттар бойынша қылмысты қылмақшы. Бұл хаттама 2020 жылғы 14 шілдеде жасалған. Оны әзірлеуге жедел уәкіл Уәлиев қатысқан. Уәлиев Дүйсембаевты ТКШ-нің бұрынғы басшысының қолын қоюға көндірген. Бұл жайында Дүйсембаев көзбе-көз беттестіру кезінде айтты. Сол құжат бойынша мені айыптап жатыр. Бұны заңсыздық деп есептеймін! Сондықтан дәлелдерді бұрмалауға жол бергені және Дүйсембаевты жалған қол қойдырғаны үшін Уәлиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілсін деген шағымдану хатын жаздым. Бұл қылмысты арандату! Айыптау актісі көрсеткендей, мен ешкіммен сөз байласқан жоқпын».
Бұл сөзді қорғаушы да қуаттап отыр: «Уәлиевтің өзінен жауап алу кезінде ол Әміровті әшкерелеу үшін жалған қол қоюға қарсы еместігін айтты. Осы құжат менің қорғалушымды айыптауға негіз болып отыр. Мұндай заңсыз тәсілдерді жедел-іздестіру шаралары кезінде қолдануға болмайды! Бұл деген нонсенс! Сотқа дейінгі тергеу кезінде мұндай жайт Уәлиевке дейін ешуақытта болған емес».
Алайда, судья бұл өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырғанымен, жедел уәкілден жауап алынатынын жеткізді.
Қорғаушы Бранцевтің тағы бір наразы болғаны – БАҚ беттерінде осы қылмыстық іске қатысты жаңсақ ақпараттардың тарап кеткені: «Қостанайда бөгетті күрделі жөндеуге бөлінген 200 млн-ға жуық теңгені жымқыруға қатысты сот өтіп жатыр», «Бұл мемлекеттік байқауды жеңу үшін Дүйсембаев пен Әміров (Алин емес) «Energy Construction-2020» ЖШС-ін сатып алған», «Үшеуі ымыраласып, 81,4 млн теңгені бас пайдасына иемденді – деді прокурор айыптау актісінде», «Шала аяқталған құрылыс жұмыстарынан кейін 2021 жылы көктемде Шилі бөгеті жарылды», «2021 жылы көктемде қағаз жүзінде жөндеуден өткен Шилі бөгеті жарылды. Республикалық БАҚ араласқаннан кейін барып қылмыстық іс қозғалды». Адвокат осындай көрінеу ақпараттар таратқан тілшілерге қатысты шара қолдануды сұрады. Тіпті, 51 жасар Талғат Әміровті 44-те, ал оның қорғаушысы Олег Бранцевті «Казанцев» деп жазып жіберген орыстілді әріптестеріміз бар екен. Сот бұрмалап жазған басылымдарға хат жолдайтын болды.
Процесс барысында мына бір жайт назар аудартпай қойған жоқ. «Құрылыста Экспертиза» серіктестігі 2020 жылы мамырда Шилі бөгетін күрделі жөндеудің техникалық қадағалау жұмысын мемлекеттік байқауда жеңіп алған. Жанкелдин аудандық ТКШ бөлімімен портал арқылы электрондық келісімшарт жасасады. Құрылыс жұмыстарының кем-кетіксіз орындалуына, материалдардың сапасына, сертификаттарын, барлық рұқсат қағаздарын тексеруге жауапты маман ретінде техникалық қадағалаушы болып Ғ.Алин бекітіледі.
«Техникалық қадағалаушы белгілі уақыттарда фирмаға өзінің жасаған қорытынды құжаттарына мекеменің мөрін басып алуға келіп тұрады. Біз оған мөрді береміз», – деді «Құрылыста Экспертиза» ЖШС директорының міндетін атқарушы Евгений Остапчук.
«Сонда басшылық техникалық сараптаманы тексермей ме?» деген адвокаттың сұрағына Остапчук: «Өзім ол қағаздарды тексере алмаймын, себебі мен құрылыс маманы емеспін. Ал техникалық қадағалаушы кез келген уақытта құжатына мөр басып ала алады», – деді.
Бұл іске қатысты сот ісі әлі жалғасады.
Қыдырбек ҚИЫСХАН