“Тобыл”-“Пюник”: Талас-тартыс жалғасады (БЕЙНЕШОЛУ)
Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Тобыл" Арменияның "Пюник" командасын өз алаңында қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті. Енді бір аптадан соң олар Ереванда ойнайды. Қос кездесуде үздік шыққан команда үшінші кезеңге өтпек.
Қостанайда өткен алғашқы кездесуде басымдық "Тобыл" футболшыларында болды. Қос қапталдан жақсы шабуылдар ұйымдастырылды, бірақ соңғы соққы қақпаға дарымай қойды. Тек ойынның екінші бөлігінде Максим Федин оң аяғының сыртымен допты қарсылас қақпасына айналдыра теуіп, қақпашыны қапы қалдырды. Бұдан соң "Пюник" қақпашысы өрескел қателік жіберді. Ол алысқа асырмақ болған допты "Тобыл" капитаны Азат Нұрғалиев денесімен жауып үлгеріп, қайта серпілген доп "Пюник" қақпасына топ ете түсті. Осылайша, екі доп айырмасымен алға шыққан қостанайлықтардың ойыны сәл саябырсыды. Қарсыластың осы сәтін әдейі аңдығандай армян футболшылары төреші қосқан соңғы минуттарда "Тобыл" қорғаушыларын басып өтіп, маңызды голды соғып үлгерді.