Торғайдың Шәмшісі атанған

Болат Хамзиннің туғанына 85 жыл
Мектеп әрбір шәкіртінің кім боларын танытып, өмірінің есігін ашып, бағыт-бағдарға қанықтырып, жақсылыққа жол көрсететін болғасын «алтын ұя мектебім» деп дәріптелетіні сондықтан. Елге елеулі болатыны да мектептен бастап танылады десек қазақ баспасөзінің ардагері Әмірхан Абдуллиннің құптау ойын ұқпасқа болмайды:
– Болат мектепте оқып жүргеннен-ақ шебер күйшілігімен танылды. Туған нағашысы Қапақ Амантайұлы сал-сері болған адам. Қапақ сал шертетін «Тәтен қыз», «Кекілік» күйлерін оқушы кезінен- ақ, Болат орындап жүрді. Қапақ сал ақ домбырасын жиені Болатқа ғана ұсынады екен. Болат мектепте Сейіт Тымпиев жетекшілік еткен оркестрдің Көпжан, Жолдыбай, Төкендермен бірге құрысқан мүшесі болды. Жеке де көсілте күй тартты. Қапақ салдың «Кекілігін» шебер орындайтын еді.
– Рухы биік, рухы көз ілмегендей өнердің сыйқырлы әлеміне біржола берілді десейші?
– Дәл солай. Консерваторияда оқып жүріп, Құрманғазы оркестрі құрамында Мәскеуде 1957 жылы өткен бірінші дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Жеңістің 40 жылдығына орай өткен Бүкілодақтық көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауының жүлдегері болды. Оның дирижерлік қабілетінің жоғары екенін қазақ өнерін әлемге танытқан дара тұлғалардың бірегейі Ахмет Жұбанов сынақ тапсырғанда жоғары бағалап, үлкен үміт күткен көрінеді. Ахметтің алдында абыржымаған студент Болат қара домбыраны бабына келтіріп Темірбек Ахметовтің «Жетім бала» күйін орындағанда: «Мен білсем, мына баланың бойында асқақ шабыт бар, болашақта нағыз сазгерлік қонады екен», – депті. Ахмет Жұбанов берген бұл баға көрегендік, тарихи шындыққа айналды. Бір кездесуде Ғазиза Жұбанова апамыз:  – Әкемнің әрбір жасты көрген бетте, оның болашағын болжағыштығы бар еді және сол шәкіртінің өнер жолын қадағалауды есінен шығармайтынды, – дегені еске оралса, Болат ұстаздарының бойына дарытқан қасиетті біліміне, теңдесі жоқ шеберлігіне барынша адал болды. Жоғары білімді сазгер еңбек жолын өзі оқыған Ыбырай мектебінде ұстаздықтан бастады. Ақырын жүріп, анық басып, аз уақыттың ішінде ауданда алпысқа тарта мүшесі бар оркестр құрып, оған дирижерлік ету бақытын Болатқа бұйыртты.
Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы былайша ой өрбітеді:
 – Сол кездегі Торғай ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Сәмен Жаңабергеновтің ұйымдастыруы мен Болаттың қолдауы арқылы, тікелей араласуы нәтижесінде халық театрының ұжымы жұртшылыққа М.Әуезовтің «Қаракөз», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Хұсайыновтың «Шаншар» спектакльдерін қойып, көрермендерінің ықыласына бөленді. Танымал қалам қайраткерлері Сабыржан Шүкіров пен Сейіт Кенжеахметов сол кездегі халық театрының белсенді мүшелері болды. Көбіне қалың елді бірер дарынды тұлға көпке танытып, ұлт тарихында өшпес еңбегін қалдырады. Өзгені де таңғалдырады, сөнбес сәулесін дарытып биікке құлаш ұрғызады. «Қазақтың қай топырағы да қасиетті ғой, алайда, Торғай жерінің әдебиет, өнердегі бағасы ерекше сөз етуге тұрады», – дей келіп: «Торғайдың қасиетін анықтау үшін оның топырағына химиялық анализ жасау керек», – деп отыратын Ғафаң (Қайырбеков) марқұм. Басқаны айтпағанда, өнердің сан саласындағы алғырлығын бағалаған халық Болат Хамзинді көзі тірісінде «Торғайдың Шәмшісі» деп атандырғаны Ахмет Жұбановтың көрегендігін ақтағаны емес пе?! Үкімет берген баға, құрмет өз алдына, байтақ елдің бағасына ештеңе жетпейді. Өнердің жапанға жайылған жаңғырығы еш уақытта толастамайды ».
Ұлттық өнер саласында терең білімді Болат өзінің атындағы саз мектебінің іргесін қаласты.Онда жыл сайын ондаған жасөспірім күй өнерінен білім алып шығады. Н.Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінде жұмыс істеді. Әр жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, көркемдік жетекшісі болып істеп, елде саз өнерінің дамуына ерекше үлес қосты. Торғайдағы халық театрының іргесін қаласып, «Ғасырлар пернесі» халық оркестріне жетекшілік етті. Сәмен, Әуезхан, Мәлікзада ағаларымен табысқан Болат күй тартты, оркестр ұйымдастырды, сахнада ойнады. Өнердің нағыз ұйытқысы болып, Торғай аспанында жұлдыздай жарқырап шықты. Сағын Жалмышев Ахметтің «Арман» күйін қайыра жаңғыртса, Болат Хамзин «Июньді» нәшіне келтіре тартты. Сардан Әбікеев болса ақынның «Торғайдан сәлемін» Нұрхан мақамында жырлады. Қапақ сал, Нұрқан ақын, Ахметхан жыраулардың өшпес мұраларының қайыра жаңғыруына білікті маман Болат бастаған өнерпаздардың игі ықпалы тиді. Білгірлік қабілеті қалың көпті қайран қалдырды.
Бүгінде Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйі қабырғасында «Бұл үйде Қазақ КСР-нің мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер Болат Хамзин қызмет істеді» деген жазу бар. Көзімізге оттай басылып, жанымызға қалдырған жылылығын ұмытылмастай сезінеміз.
Таланттылар қалың көптің мұңын түсінді, болашағын ойлады. Алғыр қаламгер Бекболат Әдетов Торғай өңірінен өндірте баспасөзге жазумен қатар, саздық шабытпен әуенді ән де шығарды. Бекболат сөзін жазып, әнін алғаш шығарған туындысы «Торғай жастарының вальсі» еді. Бекболат ән шығаруға Болатты да қанаттандырды. Болаттың сазгерлік тұңғыш туындысы «Ұялмашы, қалқатай» әнінің сөзін Бекболат жазды. «Қалқатай қалжың айтсам күліп тұрып, кетуші ең жүрекке бір сыр ұқтырып» деп басталатын нәзік сезімге құрылған бұл ән елге тез тарап, ойын-сауықтың ажарына айналды. Елдегі аға ақын, талантты саналатын Серғали Серіков жас сазгер Болатпен ынтымақтастығы нәтижесінде «Қайдасың, шолпаным-жұлдызым», «Ленин комсомолы» әндерін қалың көпке ұсынды. Болаттың сазгерлік өнеріне мектеп бітірген Кеңшілік пен Серік қосылды. Серік Тұрғынбеков сөзін жазған «Аманкелді ұрпағы», «Торғай қызы» сықылды Болат Хамзиннің сазгерлік шығармасы елге кеңінен тарап кетті. Болаттың әндерін кезінде Рысты Ерденова, Бикен Махмұтова, Қазима Сейдалина, Күләй Ахметовалар орындап, халықтың құрметіне бөленді.
Бүгінде Торғайдағы Ақаң мен Жақаң (Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов) атындағы әдеби мұражайында Болат Хамзиннің арнайы бөлмесі бар. Мұнда Болаттың фестиваль, өнер байқауларында жеңіп алған медаль, дипломдары, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен қоса үш-төрт медаль мақпал жастықшаға тізілген. Көптеген грамотасы қойылған. Әлемге ән оздырған Болат Хамзиннің ұрпаққа қалдырған шығармасының орны бөлек.
Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 1981 жылы «Лениншіл жас» газетіне жазған мақаласы Торғайдың топ жарғаны Болат Хамзинге берілген теңдесі жоқ баға деп түсінеміз. Көрнекті композитордың нұсқалы бағасы Болат Хамзин басқаратын өнер ұжымына ерекше серпін берді.
Торғай өнерінің ежелден басталған ғаламат құпиясын халықтың мәңгілік мұрасына айналдырудағы қозғаушы, қолдаушы күштің иесі Өзбекәлі Жәнібеков еді. 1970 жылғы Мамыр мерекесін дала сахнасына айналдырып, ұлттық өнермен айшықтаудан бастап онға тарта мұрағат, мұражайларды өзі басқарып жүріп, қазақ ұлтының жоғалғанын түгендеп, одақтас республикалардағы ұлттық тарихымызға қатысты деректерді жинастыруды жүзеге асырған да Өзбекәлі Жәнібеков еді.
Осы Өзекең аудандық конференция құрметіне арналған концертте Болат Хамзиннің ғаламат шеберлігін көріп, Қ.Алматовқа: «Өй, мына Алматының баласы Торғайда қалай жүр? Облысқа жұмысқа аламыз, тездетіп жіберіңдер?» дегені Болатты қатты бағалағаны еді. Кездесе қалғанда: «Тұрмыс, тірлігің қалай? » десе Болат:
– Қалың көппен бірдей.
– Әкең бар ма?
– Фашистерді қырып жүргенде байқаусыз оққа ұшыпты.
– Кімің бар?
– Нағашыларым тарықтырмады.
– Консерваторияда солар оқытты ма?
– Әрине, олардың көмегі болмаса оқу қайда? Олардың өнері болмаса үйрену қайда? – деген Болаттың тапқырлық сөзіне, қатал өмірге қажымағанына ойланып, өзінің де Алматыға оқуға аттанарда қаржы таппай қиналғаны, нағашысы жалғыз ешкісін сатып, қалтасына салғаны бар-ды. Өмірді түсіне білудің құндылығы, ағайын-туыстың сенімін анттай көріп, ақтауға құлшынуы таланттыларды шыңдайды екен. Көрген қиындықтар ақылды ете ме? Әдебиет пен өнер кеңістігі тарлығын Өзекең біледі, бәріне де ақылмен саясатқа сыйғызуды мақсат етеді. Әйтпесе, Болат сықылды талай таланттылар өз биігіне шыға алмас еді. Сосын да ұлттың жан азығын байытып, бағалай білуге баса назар аударатын еді. Бірақ, Болат облыс орталығына шақырудан бас тартып: «Аға, мен мекеме басқарып, ұйымдастыру жұмысына барғым келмейді. Жазып жатқан шығармам бар еді, оны тастағым келмейді. Ойың әр саққа бөлінсе шығармаң мәнсіз, сапасыз болып қалады. Ренжімеңіз», – деп турасын айтты. Лауазым иесі атанып, орынтаққа елігуге бой ұрмайтыны Болаттың жан дүниесіндегі бір ерекшелік еді. Ол таза жан сыры өнерін, білімін ұлт байлығына қалдырудан артық бақыт жоқ деп есептеп, қабілетін сарқа пайдаланды.
 
Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓