Дін өкілдері академияда қонақта
Кеше Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Ислам және зайырлы қоғам» атты діни семинар өтті.
Семинарға Академияның басшылығы, тұрақты және ауыспалы (курсанттар) құрамы мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің басшысы, Ғұламалар кеңесінің хатшысы PhD докторы Ершат Ағыбайұлы Оңғаров, Қостанай облыстық мешітінің бас имамы, сонымен қатар қалалық мешіттің имамы және облыстың аудандарынан келген өкіл имамдар қатысты.
Бас қосуда алғаш сөз алған Академияның бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызылов келген қонақтарды Академияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, оқу ордасына есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбаевтың өмірінен сыр шертті.
Мирлан Ахмедияұлынан кейін облыстық Марал Ишан мешітінің бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы сөз алып, аталмыш семинар туралы түсіндіріп, Астанадан келген Ершат Ағыбайұлын көпшілікке таныстырды.
Семинарға қатысушы курсанттарға және қонақтарға Ершат Оңғаров:
«Қазіргі таңда елімізде діни ахуал біршама тұрақтанды. Дегенмен әлі де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, көптеген жұмыстар атқарылу керек. Біздің бүгінгі семинарымыздың тақырыбының өзі біраз жайды аңғартады. Өйткені елдің бірлігін, ынтымақтастығын, татулығын сақтап қалу үшін адамға алдымен күшті иман керек. Иманды ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Сондықтан зайырлы қоғам құру үшін Сіздер мен біздер ауызбіршілікте жұмыс істеуіміз қажет. Бүгінгі таңда көптеген қандастарымыз теріс ағымдарға, жалған исламдық қозғалыстарға кіріп кетуде. Бізге солардың алдын алып, бауырларымыздың адасуына жол бермей, ислам діні туралы дұрыс ақпарат таратуымыз қажет», – деді.
Жалпы, тағылымы мол семинар жиналған құқық қорғау қызметкерлеріне және жас буын өкілдеріне көптеген тәлім-тәрбие берді. Тіпті курсанттар мен әріптестердің қызығушылығы сондай, көкейлерінде жүрген сан алуан сұрақтарымен, ұсыныстарымен бөлісті.
Екі сағатқа созылған семинарда құқық қорғау органдарының болашақ қызметкерлері – жас курсанттарға ислам діні туралы насихаттық ақпарат толықтай жеткізілді.
Семинар соңында, келген қонақтар академияның мұражайын аралап, оқу орны туралы көптеген тарихи ақпараттарға қанық болды және Шырақбек Қабылбаев ескерткішінің алдында естелік суретке түсті.
ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының
баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов.