ОНЫНШЫ БАЛА!
Қостанайлық Атымтай мен Құралай Оспановтардың отбасында Нұрбаян, Әйгерім, Аружан, Ақерке, Айзере, Ұлжан, Асыл, Ахмет, Раянадан кейін Әлихан есімді Алаш көсемінің құрметімен аталған перзенті дүниеге келіп жатыр. Батыр әке мен ана 8 қыз, 2 ұлды болды. Құдай көпсінбесін! Бұны тек Оспановтардың ғана емес, елдің қуанышы деп қабылдасақ болады. Әйтпесе қазақ отбасы күнде 10 балалы болып жатқан жоқ.
Бүгін Атымтай мен Құралайдың ағайын-туыс, дос-жарандары қалалық перзентханаға «Алтын алқалы» ана мен кішкентай Әлиханды шығарып алуға келді. Домбыра мен сырнайларын көтере келген өңірдің өнерлі азаматтары әннен-жырдан шашу шашып жатыр.
Ал облыстық мешітіміздің найб-имамы әрі аймағымыздағы Зекет және қайырымдылық қорының өкілі Бақытжан қажы Икрам Оспановтар шаңырағына арнайы келіп, сәбидің құлағына азан шақырып ат қойып, батасын беріп кетті. Бұған қоса, өңіріміздің діни ордасы өкілі құр қол келмей, демеушілердің атынан көп балалы жанұяға азық-түлік тарту етті.
Бұл жанұя ешбір мекемеге алақан жайып барып көрмеген, «бір қозы туса, бір тал жусан артық шығады» дегендей, өз ырыздықтарымен күн көріп отыр. Дегенмен, мұндай қуанышты еселеп жіберу артық болмас деп ойлаймыз. Батыр ата-ана өз бастары ешкімге міндетсіп баспана сұраған емес. Тұрмысқа шыққан үлкен қызын есептемегенде, Атымтай мен Құралай тоғыз баласымен бірге 50 шаршы метрден сәл асатын пәтерде тіршілік етіп отыр. Әрине, үлкен отбасы кең сарайда шалқып өмір сүргенге не жетсін!
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.