5G қашан енгізіледі?
Бұл мәселе ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өткен жылды қорытындылау жиынында көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған министрліктің кеңейтілген алқа отырысына Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен ведомствоға бағынысты бірнеше ұйым басшыларының есебінен кейін Үкімет басшысы сөз алды. Әлихан Смайылов министрліктің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын айта келе, алдымен мемлекеттік қызметтерді көрсету жайына тоқталды.
«Министрлік алдында мемлекеттік қызметті және жалпы экономиканы цифрландыру бойынша бірқатар маңызды міндеттер тұр. Өткен жылы электронды түрде ұсынылған мемлекеттік қызметтердің деңгейі 92%-ке дейін жетті. Оның 80%-н халық смартфон арқылы алып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша БҰҰ «Электрондық үкімет» халықаралық рейтингінде Қазақстан 28-орынға ие болды. Елді мекендердің 77%-і мобильді кең жолақты интернетпен қамтылған, оның ішінде 3G технологиясы бойынша – 44%, 4G – 33%», – деді Әлихан Смайылов кеңейтілген алқа отырысында.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы аталған бағыттағы жұмысты оң динамикада жалғастыру керектігін айтты.
Интернет сапасы қашан жақсарады?
Министрлер кабинетінің басшысы көтерген келесі мәселе – интернет сапасы.
«Бағдат Батырбекұлы, сапалы интернет және ұялы байланыспен қамтуға қатысты наразылықтар мен шағымдар туралы жақсы білесіз», – деп нақтылап кетті Ә. Смайылов Мусинге қарата.
Оның айтуынша, сапалы ұялы байланыс ауылды айтпағанда қалалардың өзінде болмай жатады.
«Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен алуға болады. Кейде интернеттің дұрыс болмауынан мүмкін болмай жатады. Бұл мәселені шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңір (қала, аудан, ауыл) сапалы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар, Премьер-Министр 5G енгізуді 2027 жылға дейін аяқтап, одан бөлек республикалық және жергілікті автожолдарды интернетпен қамту міндетін жүктеді.
«Министрлік ұялы байланыс пен интернеттің сапасына талдау жүргізуі қажет. Соның негізінде тиісті іс-шаралар әзірленіп, ол «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде қабылдануы тиіс. Бүгінде елімізде 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Аталған жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», – деді ол Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге қарап.