Теннис орталығы салынды

Бүгін Лисаков қаласында теннис орталығы ашылды. Бұл халық тілегін орындау, жыл сайынғы Жолдаудың басым бағыттарын іске асыру болып табылады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елді спорттық ғимараттармен қамтамасыз етуді, қазақстандықтардың кемінде 35%-ы бұқаралық спортпен шұғылданатындай етіп қамтамасыз етуді тапсырды. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында моноқалада Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын, шаһардың 50 жылдығын мерекелеу қарсаңында жаңа нысан ашылып отыр. Осының арқасында жаттықтырушылар құрамы және спортшылар өз жетістіктері мен нәтижелерінің сапалы өсуі үшін бірегей жағдай жасалуда.
Құттықтау сөз сөйлеген Лисаков каласының әкімі Алмат Исмағұлов спорт кешенінің ашылуы жастарды спортқа баулу, бұқаралық-көпшілік спорттың дамуын насихаттау, қоғамның спортқа деген құлшынысын арттыру, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, дені сау қоғамды қалыптастыруға жасалған үлкен қадам екенін атап өтті. Бұл қала жастарын теннис спортына баулып, ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға қаланың құрметті азаматтары, спорт ардагерлері, облыстық спорт басқармасының өкілдері, танымал жаттықтырушылар, сондай-ақ спортшылардың ата-аналары қатысты.
   – Биыл Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемге танылған әрі жарқын болашаққа ұмтылған мемлекет ретінде белгілі. Сонымен қоса, Лисаков қаласына 50 жыл, жарты ғасырлық белесте қаламыз қарқынды дамып келеді. Шаһарымыз күннен күнге көркейіп, жаңа нысандар салынуда. Соған дәлел ретінде, қаламызда алғаш рет іске қосылатын спорт ордасы. Бүгінгі күні қалада 99 спорт ғимараты бар. Қаланың барлық шағын аудандарында, Октябрь кентінде және Красногорск ауылында тартан жабындысы бар ашық аспан астындағы 14 әмбебап спорт алаңдары, мини – футбол, баскетбол, волейбол ойнауға арналған жасанды көгалдар бар. Барлық алаңдар халықтың еркін баруы үшін ашық. Бүгінгі теннис орталығы берісі облыс, әрісі республика, әлемге танымал ракеткалардың шығуына зор серпін беретін орын боларына сенім артамын, – деді Алмат Ерікұлы.
Биыл сондай-ақ теннис орталығына жапсарлас аумағын абаттандырып, ол жерге мүгедектерге арналған дене шынықтыру тренажерлерін, жарықтар мен сәкілер орнату жоспарда бар екен. Мұндай ұсыныс паралимпиадашы Алексей Липутин тарапынан түсіпті.
Ең қызықты сәтте келіп жетті. Қостанай облысының теннис бойынша аға жаттықтырушысы Константин Модогоров пен Лисаков қалалық балалар мен жасөспірімдер мектебінің спорт бойынша жаттықтырушы-оқытушысы Павел Саламаха жаңа нысанның тұсауын кесті, қуаныш ұзағынан болсын деген ниетпен шашу шашылды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Елена Киреева, спорт шебері, президенттік көпсайыс және шаңғы жарысынан 2021 жылғы Қазақстан чемпионы Николай Хрипунов құттықтау тілектерін жеткізді.
Дене шынықтырумен айналысу үшін жасалған жағдайлар спорт кейіпкерлерінің пайда болуына ғана емес, сонымен қатар балалар еліміздің жаңа ұрпағы басты назарда болатын отбасыларымыздың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Қала тұрғындары теннис орталығының ашылуын асыға күткен еді. Барлық қатысушылар естелік суретке түсті. Ал келген қонақтар жас спортшылардың ойынын тамашалап, теннис ойнаудан шеберлік сағатын өткізді.
 
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.
Лисаков қаласы.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓